Биыл гранттардың 99%-ы игерілді

0
129

Студенттердің стипендиясының мөлшері 2020 жылмен салыстырғанда 2 есеге ұлғайтылды.


Биыл гранттардың 99%-ы игерілді

ERNUR.KZ. Ағымдағы жылы елімізде ұлттық бірыңғай тестілеуге 210 мыңнан астам талапкер қатысты, оның ішінде 160,5 мың адам немесе 76,35% жоғары білім алуға қажетті шекті балды жинады. 2025 жылы мемлекеттік білім гранттарының конкурсына 113 мыңға жуық өтінім берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 мыңға артық. Биыл жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 93 232 грант бөлінді, оның ішінде 77 мыңнан астам грант жоғары білімге арналған. Бұл туралы ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Оның айтуынша, конкурс қорытындысы бойынша гранттар 99% көлемінде игерілді. Ал, барлық ЖОО-на қабылдау аяқталды.

«Жоғары білім қолжетімділігін арттырудағы ерекшеліктердің бірі – биыл қабылданған «Келешек» Бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін ендіру туралы» Заң. Бұл заң студенттерді қолдаудың қосымша шараларын кеңейтуге мүмкіндік береді. Заң қабылданғаннан бері, 8 айда 35 мыңға жуық салымшылар «Келешек» жүйесіне тіркелді. Оған қоса, әкімдіктер, жұмыс берушілер, әртүрлі қорлар биыл да жылдағыдай мемлекеттік гранттардан басқа 5 мыңға жуық грант бөлді», – деді спикер.

Сондай-ақ студенттердің стипендиясының мөлшері 2020 жылмен салыстырғанда 2 есеге ұлғайтылды. 1 қыркүйектен бастап, бакалаврлардың стипендиясы 52 372 теңге, педагогикалық мамандықтар үшін – 84 000 теңге, магистранттар үшін 117 098 теңге, ал докторанттар үшін 262 500 теңге болады.