Биыл қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемі 3 есе артады - Алтай Көлгінов

0
825

Алтай Көлгінов жетекші құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесті.


Биыл қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемі 3 есе артады - Алтай Көлгінов

ERNUR.KZ. Елорда әкімдігінде қолжетімді және коммерциялық тұрғын үй, әлеуметтік және мәдени нысандар құрылысы талқыланды, деп жазады ҚазАқпарат.

Алтай Көлгінов жетекші құрылыс компанияларының өкілдерімен кездесті. Кездесуде құрылыс салушылар бірқатар ұсыныстарын айтты. Қала әкімдігі көтерілген мәселелерді жұмысқа алды.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов құрылыс жұмыстарының сапасына тиісті көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.

«Тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарды салу - біз үшін басты міндет. Бұл істе әкімдік барынша қолдау көрсетіп келеді, көрсетеді де. Алайда сіздердің тараптан да барлық қажетті талаптар орындалуы тиіс. Олардың қатарына құрылыс сапасы, жұмыс кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қызметкерлерге уақытылы жалақы төлеу жатады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемі үш есе артады. Бірлесе құрылыс қарқынын арттыруымыз қажет», - деді қала әкімі Алтай Көлгінов.

Елордада бірыңғай дизайн-код қабылданды. Дизайн-код стилистикалық тұрғыда бірыңғай, жайлы әрі қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыру мақсатында қабылданған бірқатар ережелер мен ұсынымдардан тұрады. Дизайн-код ғимараттардың қасбет элементтеріне және көше-жол кеңістігіне бағытталған.

Сондай-ақ, шағын сәулет нысандарын, абаттандыруды, әрлеу материалдарын қолдануды, түстік шешімдерді, жарнамалық құрылымдардың мөлшерін ескере отырып, ғимараттардың қасбеттік бөлігінен көше-жол желісінің қазіргі жағдайын түзету қарастырылған.