​Биыл зергерлік бұйымдар цифрлық бақылауға алынады

0
76

Соңғы жылдары елде биологиялық белсенді қоспаларды тұтыну тұрақты түрде өсіп келеді.


​Биыл зергерлік бұйымдар цифрлық бақылауға алынады

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

ERNUR.KZ. Сауда және интеграция министрлігі биологиялық белсенді қоспаларды және зергерлік бұйымдарды міндетті цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесіне жататын тауарлар тізбесіне енгізу туралы бұйрық жобасын қоғамдық талқылауға шығарды, деп жазады inform.kz.

Жобаға сәйкес, биологиялық белсенді қоспаларды міндетті цифрлық таңбалауды 2026 жылғы қыркүйектен, ал зергерлік бұйымдарды желтоқсаннан бастап енгізу жоспарланып отыр.

Соңғы жылдары елде биологиялық белсенді қоспаларды тұтыну тұрақты түрде өсіп келеді. Нарық қатысушыларының бағалауынша, Қазақстанда биологиялық белсенді қоспаларды тұтыну көлемі жыл сайын шамамен 15–20%-ға артып отыр. Жоба аясында ЕАЭО СЭҚ ТН-ның 57 коды таңбалау жүйесіне енгізу қарастырылған, олар биологиялық белсенді қоспалар ретінде қолданылатын өнімдердің кең тізбесін қамтиды.
Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың 9 айында іріктеліп алынған 20 мыңнан астам биологиялық белсенді қоспалар сынамасының 25%-ында заң бұзу анықталған. Бұл аталған тауарлар айналымы саласында мәселелердің бар екенін көрсетеді.
Халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығына қатысты мәселе ерекше алаңдаушылық туындатады. Сонымен қатар отандық өндірушілер контрабанда және контрафактілік өнім айналымына байланысты жосықсыз бәсекелестіктің бар екенін атап өтуде. Мұндай тауарлар төмендетілген бағамен сатылып, заңнама талаптарын сақтайтын адал нарық қатысушылары үшін тең емес жағдай қалыптастырады.
Таңбалауды енгізу тауарлар айналымының ашықтығын қамтамасыз етуге, контрафактілік және заңсыз өнім көлемін қысқартуға, адал нарық қатысушылары үшін тең бәсекелестік жағдай жасауға, тұтынушылардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау деңгейін арттыруға, сондай-ақ мемлекетке ел аумағындағы биологиялық белсенді қоспалар нарығы бойынша объективті деректер алуға мүмкіндік береді.
— Зергерлік бұйымдарды міндетті таңбалау тізбесіне енгізу туралы шешім осы саладағы заңсыз айналым үлесінің жоғары болуына байланысты қабылданып отыр. Салалық сарапшылардың бағалауынша, зергерлік нарықтағы көлеңкелі айналым үлесі 90%-дан асады. Тауар қозғалысы тізбегіндегі ашықтықтың болмауы адал нарық қатысушылары үшін тәуекелдер туындатады, салық түсімдерінің төмендеуіне әкеледі және тұтынушылардың өнімнің түпнұсқалығы мен заңдылығын тексеру мүмкіндігін шектейді, — делінген министрлік хабарламасында.
Міндетті таңбалауға ЕАЭО СЭҚ ТН келесі кодтары бойынша тауарлар жатады:
7113110000 — күмістен жасалған, гальваникалық жабыны бар немесе жоқ, басқа да бағалы металдармен қапталған немесе қапталмаған бұйымдар және олардың бөлшектері;
7113190000 — өзге бағалы металдардан жасалған, гальваникалық жабыны бар немесе жоқ, бағалы металдармен қапталған немесе қапталмаған зергерлік бұйымдар және олардың бөлшектері;
7114110000 — алтын немесе күміс шеберлерінің күмістен жасалған, гальваникалық жабыны бар немесе жоқ, басқа бағалы металдармен қапталған немесе қапталмаған бұйымдары және олардың бөлшектері;
7114190000 — алтын немесе күміс шеберлерінің өзге бағалы металдардан жасалған, гальваникалық жабыны бар немесе жоқ, бағалы металдармен қапталған немесе қапталмаған бұйымдары және олардың бөлшектері;
9111100000 — өзімен бірге алып жүруге немесе тағуға арналған сағаттарға арналған бағалы металдан немесе бағалы металмен қапталған металдан жасалған корпустар;
9113101000 — өзімен бірге алып жүруге немесе тағуға арналған сағаттарға арналған бағалы металдан жасалған белдіктер, таспалар және білезіктер, сондай-ақ олардың бөлшектері.
— Цифрлық таңбалауды енгізу зергерлік бұйымдардың өндірістен немесе импорттан бастап түпкілікті тұтынушыға дейінгі барлық айналым кезеңдерінде қадағалануын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ бұл шара заңсыз айналымға қарсы іс-қимылдың тиімді құралына айналып, сатып алушылардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Бұйрық жобасын қоғамдық талқылау 2026 жылдың 3 сәуірі мен 20 сәуір аралығында ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында өтеді.
Еске сала кетейік, бүгінгі таңда елде темекі өнімдері, аяқ киім, дәрілік заттар, киік мүйіздері, мотор майлары міндетті цифрлық таңбалауға жатады. Биыл 1 ақпаннан бастап сыра және сыра сусындарын таңбалауды кезең-кезеңімен енгізу басталды. 2026 жылғы 1 желтоқсаннан бастап жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті таңбалауды кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған.
Сонымен қатар пилоттық режимде медициналық мақсаттағы бұйымдарды, өсімдік майын, ағаш материалдарын, тұрмыстық химия тауарлары мен косметиканы таңбалау сынақтан өтуде. Бұған дейін ағаш материалдары мен тұрмыстық баллондарда сатылатын сұйытылған мұнай газын таңбалау бойынша пилоттық жобалар аяқталды.