Биыл қазан айында Ұлттық халық санағы өтеді.
ERNUR.KZ. ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің төрағасы Нұрболат Айдапкелов биыл болатын Ұлттық халық санағының ерекшеліктері туралы айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Бірінші ерекшелік, қағазбен жұмыс істеу болмайды. Сауалнама жауаптары планшетке енгізіледі. Екінші ерекшелік, интервьюерлерді үйіне кіргізуді қаламайтын адам sanaq.gov.kz арнайы сайтына кіріп, санақ парақтарын өз бетімен толтыра алады. Бұл - өте ыңғайды нәрсе», - дейді Нұрболат Айдапкелов.
Ол қазан айының 1 мен 15 аралығында, яғни тікелей халық санағының алғашқы 15 күнінде интернет-сауалнама жүргізілетінін айтты.
«Сонымен бірге, сайтта респонденттерге арналған түсіндірмелер мен арнайы виртуалды көмекші де бар. Интернет-сауалнамамен қатар 1-30 қазан аралығында интервьюерлер жаппай сауалнама жүргізеді. Сауалнама жауаптары планшетке енгізіледі. Интернет арқылы мәліметтер берген респонденттер интервьюерлер жүргізетін сауалнамаға қатыспайды. Халыққа сауалнама жүргізу барысында респондентті сәйкестендіру үшін сұралатын адамның ЖСН-і пайдаланылады. Сауалнама аяқталғанда халық санағынан өткені туралы анықтама беріледі», - дейді ол.