"Біз дәрігерлерден кешірім сұраймыз": Талғар ауруханасындағы іске қатысты тергеу басталды

0
789

Жақынынан айырылған азаматтар жансақтау бөлімінің есігін бұзып, дәрігерлерді ұрып-соғып, мәйітті артқы есік арқылы алып шығып кеткен.


ERNUR.KZ. Алматы облысы Талғар ауруханасында әкесінің мәйітін алып кетуге келген жігіттердің дәрігерлерді соққыға жығуы қоғамда үлкен дау тудырды. Ал осы жанжалдан қатты соққы алып жансақтау бөліміне түскен 21 жастағы анестезиологтың әпкесі "оның еш кінәсі жоқ еді" деп жылап отыр. Ал 64 жастағы әкесін жер қойнына тапсырған азаматтардың да айтары бар, деп жазады sputnik.kz.

Жақынынан айырылған азаматтар жансақтау бөлімінің есігін бұзып, дәрігерлерді ұрып-соғып, мәйітті артқы есік арқылы алып шығып кеткен. Ал соққы алған дәрігерлердің бірі қазір жансақтау бөлімінде жатыр.
"Медициналық төсек арбамен сүйреп келе жатқанын ғана көрдік. Мұрны сынған, үсті-басы түгел қан. Ал таңғы сағат 08:00-де жұмысқа келген жігіттің ешқандай кәнісі жоқ еді. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр", – деді зардап шеккен дәрігердің әпкесі Лаура Айтжанова.
Ақ халаттылардың айтуынша, жедел жәрдем жеткізген 64 жастағы азамат аруханаға жүрек талмасымен түскен. Содан жансақтау бөлімінде жүрегі тоқтап, жақындарына естіртіпті.
"Біздің өызметкерлерді ұрып, ойына келгенін істеп, әкесінің мәйітін алып кетті. Бірақ заң жүзінде анықтама берілуі керек. Трансмуральды инфаркт, ол ЭКГ нәтижесінде де көрінді. Олардың басты талабы – мәйітті тез беру", – деді Талғар аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ғалымжан Есенәлиев.

Дәрігерлерді соққыға жыққандар 12 жылға дейін сотталуы мүмкін

Ал марқұмның туыстары даулы оқиғаны былай деп түсіндірді.
"Бетіне күліп қарап, "өліп қалды, болды" депті. Мен туған баласымын. Ауруханаға жедел жәрдем көлігімен жеткізілді. Бірақ алғашқы көмек көрсетілмеген, себебі "дәрігер жоқ" деді. Менің бірінші балам да осы ауруханада шетінеп кеткен", – деді баласы Ақжол Бақытұлы.
Марқұмның інісі дәрігерлерге қол көтерген жігіттердің әрекеттерін құптамайды.
"Олар уақытында мәйітті бермегеннен кейін, қызулықпен қол көтерген. Біріншіден, сол дәрігерден кешірім сұраймын, қандай жағдай болса да, дәрігерге ешкім қол көтермеуі керек еді. Ол – қарапайым жұмысшы, мәселе жоғарғы жаққа тіреледі", – деді марқұмның інісі Мұрат Шорманов.
Бұл іске қатысы бар деп күдікке ілінген екі адамды әкесін жер қойнына тапсыра сала, полиция ұстаған. Қазір оларды уақытша тергеу изоляторына қамаған. Полицияның мәліметінше, бұл дерек бойынша денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін мүлкі тәркіленіп немесе 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Іске қатысты тергеу басталды.