Заң жобасы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуды көздейді.
ERNUR.KZ. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері жөніндегі заңнамалық актілерге толықтырулар енгізу бойынша қоғамдық тыңдау өткізді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Бүгінгі таңда заң жобасы келесі мақсаттарды көздейді: бизнеске әкімшілік қысымды азайту үшін заң бойынша өндірістік нысандарды қауіпті санатқа жатқызу нышандарын қайта қарастыру және қысқарту көзделген. Бақылауға алынған нысандардың саны қысқартылады. Қазіргі таңда кәсіпорындар апаттық-құтқару қызметтерімен қызмет көрсету бойынша шарт жасасуы керек. Осыны ескере отырып, электр желісі шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім саласындағы нысандарды қауіпті өндірістік нысандардың санатынан алып тастау, атом энергиясын қолданатын нысандарды, автокөліктерге жанармай құю станцияларын, нан қабылдау пунктерін кәсіби апаттық-құтқару қызметтерімен қызмет көрсету бойынша міндетті шарт жасасудан босату ұсынылады», - дейді ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нығметжан Мақажанов.
Оның айтуынша, заң жобасы сонымен қатар өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама нормаларын жетілдіруге және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырудың тиімділігін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ, заң жобасы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуды көздейді.
«Бұдан бөлек, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестатталған ұйымдардың және апаттық-құтқару қызметтерінің жұмысын реттеу үшін профилактикалық қадағалауды жүзеге асыру және оны жүргізу тәртібін белгілеу қарастырылған. Кеңінен талқылау үшін Заң жобасының мәтіні «Ашық нормативтік құқықтық актілер» порталына орналастырылған. Онда қалаған адам өз ұсыныстары мен ескертулерін қалдыра алады.Барлық ұсыныстар келесі жолы заң жобасын пысықтаған кезде ескерілетін болады», - дейді ол. Заң жобасын әзірлеу барысында 300-ге жуық ұсыныс келіп түскен.