Мамандар жарты жылға арналған статистиканы жариялады.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. БҚО-да 2025 жылдың алғашқы алты айында кеміргіштер арқылы таралатын вирустық инфекция – бүйрек синдромды геморрагиялық қызбамен ауырғандар саны күрт өсті. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлім етті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Былтыр бірде-бір жағдай тіркелмеген
2024 жылы бұл ауру бойынша ешқандай жағдай тіркелмесе, биылғы жарты жылда 12 адамнан вирус анықталды:
- Бөрлі ауданында – 7 адам;
- Бәйтерек ауданында – 2 адам;
- Орал қаласында – 3 адам.
Мамандардың айтуынша, сырқаттанғандардың барлығы – ересек адамдар.
Ауру қалай жұғады?
«Бүйрек синдромды геморрагиялық қызба – бұл жедел түрде өтетін, табиғи ошақты вирустық инфекция. Ол интоксикациямен, бүйрек зақымдануымен және геморрагиялық синдроммен сипатталады. Инфекция көзі – кеміргіштер», – делінген санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәлімдемесінде.
Ауру белгілері қандай?
Инфекцияны жұқтырған адамда келесі клиникалық белгілер байқалады:
- Қалтырау;
- бел мен бүйрек тұсының ауыруы;
- бас ауруы;
- бұлшықет ауыруы;
- әлсіздік;
- теріде геморрагиялық (қан құйылу тәрізді) бөртпелердің пайда болуы
Қалай қорғануға болады?
Санитар мамандар төмендегі қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады:
- кеміргіштер жете алмайтын, жақсы жабылған ыдыста азық-түлікті сақтау;
- кеміргіштермен ластанған болуы мүмкін өнімдерді тұтынбау;
- жеке гигиена ережелерін сақтау;
- тұрмыстық және қоғамдық жерлерде дератизация (кеміргіштерге қарсы күрес) жұмыстарын жүргізу.