БҚО-да із-түссіз жоғалып кеткен қыз 7 сағаттық іздеу жұмыстарынан кейін ен далада табылды

0
125

16 желтоқсанға қараған түні Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында 22 жастағы бойжеткен үйден шығып, белгісіз бағытқа бет алған.


БҚО-да із-түссіз жоғалып кеткен қыз 7 сағаттық іздеу жұмыстарынан кейін ен далада табылды

Фото: Zakon.kz

ERNUR.KZ. Батыс Қазақстанда полиция қызметкерлері жоғалған 22 жастағы қызды 7 сағаттық іздеу жұмыстарынан кейін аман-есен тапты, деп жазады zakon.kz.

16 желтоқсанға қараған түні Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында 22 жастағы бойжеткен үйден шығып, белгісіз бағытқа бет алған. Ата-анасы алаңдаушылық білдіріп, қызын табу үшін полицияның көмегіне жүгінген. Сағат 22:00-де Теректі аудандық полиция бөліміне қызын жоғалтқан анадан хабарлама түскен сәтте-ақ, барлық жеке құрам дереу іздестіру жұмыстарына жұмылдырылды.

Оған қоса, іздеу жұмыстарына атсалысты:

  • әкімдік қызметкерлері,
  • азаматтық қорғаныс өкілдері,
  • жергілікті тұрғындар.

Полицейлер далалық жерлерге ерекше назар аударып, түнгі уақытта кең аумақты мұқият шолып шықты. 7 сағатқа созылған іздеу нәтижесінде таңғы сағат 5 шамасында бойжеткен өз үйінен 15 шақырым қашықтықтағы далада, Ақсай қаласына қарай бет алып бара жатқан жерінен табылды.

"Қыздың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды. Қатты аязға қарамастан, үсік шалу белгілері байқалмаған",- деп мәлімдеді ведомство.

Оған полиция қызметкерлері дереу алғашқы медициналық көмек көрсетіп, үйіне жеткізді. Қазіргі уақытта бойжеткен анасының жанында, жағдайы жақсы.