БҚО елді мекендері ауыз су және газбен толық қамтамасыз етілді

0
64

БҚО-да су, кәріз және жылу жүйелері кезең-кезеңімен жаңартылып келеді.


БҚО елді мекендері ауыз су және газбен толық қамтамасыз етілді

ERNUR.KZ. 2023 жылдан бері құны 550 млн теңгені құрайтын жобалар аясында Орал жерасты су көзінде 6 жаңа ұңғыма бұрғыланып, су өндіру көлемі тәулігіне 40 мың текше метрге дейін артты. Сондай-ақ 2025 жылы жалпы құны 21,6 млрд теңгеге диаметрі 1000 мм су құбыры мен Орал жерасты су көздерін реконструкциялау жұмыстары басталды. Бұл жайлы Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев ОКҚ баспасөз мәслихатында хабарлады.

Оның айтуынша, кәріз жүйелері де жүйелі түрде жаңартылуда. 2023 жылдан бері 10,5 млрд теңгеге 4 ірі нысан іске қосылды.

«Пайдалану мерзімі 60 жылдан асқан және бұған дейін реконструкция жүргізілмеген төрт ірі кәріздік сорғы станцияларының жаңғыртылуының нәтижесінде 320 мың тұрғын сенімді кәріз жүйесімен қамтылды. Жыл соңына 2,3 млрд теңгені құрайтын тағы екі кәріздік сорғы станцияларының реконструкциясы аяқталып, 90 мыңнан астам абонент тұрақты су бұру жүйесіне қосылады. Сонымен бірге 1,4 млрд теңгеге № жылу магистралі толықтай 3,2 шақырымы жаңғыртылып, 60 мың тұрғынның тұрақты жылумен қамтылуына мүмкіндік жасалды», – деді өңір басшысы.

Бұдан бөлек, ағымдағы жылы 10,2 млрд теңгеге №2 жылу магистралі жаңғыртылып, жаңа екі қазандық іске қосылды.

Электрмен жабдықтау саласында да оң өзгерістер бар. Соңғы 3 жылда жалпы құны 13 млрд теңгені құрайтын 12 жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде 40-50 жылдан астам уақыт пайдаланылған 6 мың шақырымға жуық электр желілері жаңартылды. Сонымен қатар екі жаңа қосалқы станция мен екі өндірістік-жөндеу базасы салынды. Нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 82%-дан 75,4%-ға дейін төмендейді.

1960 жылы іске қосылған, соңғы 10 жыл уақыт бойы тоқтап тұрған №1 турбоагрегаттың жаңартылуы энергия тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болды. Нәтижесінде станцияның қуаты 12,5 МВт-қа артып, 58 МВт-қа жетті.

2023-2024 жылдары аралығында 10 мыңға жуық тұрғыны бар 72 елді мекен таза ауыз сумен қамтылды. Жыл соңына дейін тағы 55 елді мекенге ауыз су жеткізіледі. Аталған жұмыстарға 20 млрд теңге қаражат бөлінді. Осылайша, елді мекендерді 100% ауыз сумен қамту жөніндегі Президент тапсырмасы толық орындалады.

Газдандыру да басты назарда. 2023 жылдан бері 28 ауылға газ тартылып, 3,7 мың тұрғын алғаш рет көгілдір отынның игілігін көрді. Сонымен бірге, 60 әлеуметтік нысан газға қосылды. Бүгінде облыстың газбен қамтылуы 100%-ға жетті. Жалпы, 2023-2025 жылдары өңірде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын дамытуға 76 млрд теңге қарастырылды.