«Болашақ ойындары – 2026»: Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басты

0
721

Халықаралық доданың ашылу рәсіміне ел президент Қасы-Жомарт Тоқаевтың өзі қатысып, спортшылар мен қонақтарға қарата сөз сөйледі.


«Болашақ ойындары – 2026»: Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басты

фото: baq.kz

Қазір ақпараттық технологияның қарыштап дамып жатқан дәуірі. Бұл үдеріс адамдардың тіршілігін жеңілдетуге ықпал етіп жатыр десек қателеспейміз. Өйткені бұрын күш-жігеріңді сарп ететін жұмыстарды бүгінде бір түймені басу арқылы-ақ атқара аласыз. Сондай-ақ, мұндай цифрлық технологиялар еңбек нарығына ғана емес, өзге де салаларға дендеп еніп келеді. Солардың ішінде спорт саласы да бар. Бұлай деуімізге ел астанасында өтіп жатқан «Болашақ ойындары – 2026» турнирінің өзі бір дәлел. Тиісінше, осы мақалада жаңа технология мен дәстүрлі спортты тоғыстырған сайыстың отандық спортқа, цифрландыру кезеңіне және Қазақстанның әлемдік аренадағы абырой-беделіне қалай әсер ететінін сөз етпекпіз.


Елордадағы жаңа форматтаға жарыс қазір әлем спортындағы маңызды оқиғалардың біріне баланып отыр. Сонымен бірге, бұл сайыс отандық спорттың жаңа бағытқа бет алғанын аңғартады. Себебі бұл сайыста медаль мен абырой ғана емес, жаңа технологиялар мен спорт, цифрлық мүмкіндіктер мен табиғи күш-жігер сарапқа салынады.


Халықаралық доданың ашылу рәсіміне ел президент Қасы-Жомарт Тоқаевтың өзі қатысып, спортшылар мен қонақтарға қарата сөз сөйледі. Мұның өзі «Болашақ ойындары – 2026» турнирінің Қазақстан үшін қаншалықты маңызды екендігін көрсетеді. Олай дейтін себебіміз, қазіргі таңда спорт тек сайыс емес, спорт – цифрлық технология, экономика және әлемдік ретингтегі сатыға да әсер ететін бағыт.

Мемлекет басшысы өз сөзінде спорт пен технологияның арасындағы байланысқа ерекше тоқталды. Президенттің айтуынша, мұндай сайыстар жастардың қабілетін шыңдауға, жаңа кәсіптерді меңгеруге және инновациялық сананы қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге Президент бүгінгі күні цифрлық технология барлық саланың өркендеуіне ықпал етіп жатқандығын, сәйкесінше Қазақстан да жасанды интеллект, цифрландыру және жаңа технологиялар бағытында белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.


Осы ретте бұл жарыстың Қазақстанға қаншалықты және қалай әсер ететінін сараптап көрелік. Біріншіден, осындай сайыстар арқылы елімізде фиджитал спорт мәдениеті қалыптасады деп білеміз. Демек, осы уақытқа дейін «спорт» деген ұғым футбол, бокс, күрес, жеңіл атлетика сияқты дәстүрлі бағыттармен байланыстырылса, ендігі кезекте олардың қатарына цифрлық спорт та қосылады. Ал, бұл өзгеріс өскелең ұрпақтың спортқа деген қызығушылығын көтеруі мүмкін. Өйткені, бүгінгі жастар туылғаннан бастап сандық технологиялармен бірге өсіп жатыр. Компьютерлік ойындар, виртуалды кеңістік пен цифрлық алаңдар олар үшін өмірдің бір бөлігі іспетті. Екіншіден, жаңа спорт түрлері нақты қалыптасса, жаңа мамандықтар бойынша кәсіби мамандар даярланбақ. Яғни жақын келешекте елімізде фиджитал спорт жаттықтырушылары, киберспорт менеджерлері, спорт талдаушылары, цифрлық технология мамандары және ойын индустриясы сарапшылары пайда болады. Тағы бір маңызды тұсы – Қазақстанның халықаралық спорт ұйымдарымен қатынасын күшейтуі. Әрі отандық мамандардың тәжірибесі арта түседі.


«Болашақ ойындары-2026» сайысының басты ерекшелігі – фиджитал форматында өтуі. Бұл форматтағы сайысқа қатысатын спортшылар алдымен цифрлық алаңда күш сынасса, кейіннен жарысты спорттық ойын түрінде жалғастырады. Цифрлық технология мен дәстүрлі спорт тоғысуы дегеніміз осы.


Спорт сарапшыларының пікіріне сүйенсек, бұл сала ел жастарына көптеген мүмкіндік сыйлайды. Өйткені цифрлық спорттың артында бағдарлама жасау, жасанды интеллект, медиалық өндіріс, топтық жұмыс, сараптама және графика сынды жұмыстар бар. Демек, аталған саланың дамуы әсіресе жаңашыл жастарды жаңа мамандықтарға жетелейтін бағытқа айналуы ықтимал.


Сондай-ақ, ел аумағында өтетін қандай да бір халықаралық жарыс жаңа нысандардың бой көтеруіне және бұрыннан бар нысандардың жаңғыртылуына, жаңа базалардың қалыптасуына, яғни спорттық инфрақұрылымның өркендеуіне ықпал етеді. Одан бөлек, отандық мамандардың тәжірибесін молайтуға, Қазақстан спортына әлемдік жүйелерді енгізуге мүмкіндік береді.


Сонымен қатар, мұндай ірі додалар туризм және экономика салаларына да серпін сыйлайды. Өйткені әрбір қатысушы мен қонақ еліміздегі қонақүйге тұрақтап, тамақтанып, көлік қызметін қолданып, турист ретінде де көрікті нысандарға барып, ел бюджетіне қаржы құяды. Одан бөлек, Қазақстан аталған саланы бұдан кейін де дамыта берсе, цифрлық технология, киберспорт сынды салалар бойынша әлемдегі үздік елдердің біріне айналуы бек мүмкін. Демек, Астана қаласындағы «Болашақ ойындары – 2026» туринирі Қазақстан үшін тарихи ғана емес, спорттық, әлеуметтік және экономикалық маңызы да ерекше халықаралық жоба.


Айта өтер болсақ, Астанада өтіп жатқан сайысқа әлемнің елуден астам елінен 800-ден аса спортшы қатысып, сегіз спорттық бағыт бойынша бақ сынап жатыр. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 4,75 миллион АҚШ долларына тең. Бағдарламаға фиджитал-футбол, фиджитал-баскетбол, жекпе-жек, би, шутер ойындары, Dota 2, Mobile Legends және PUBG секілді ойындар кіреді.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ