Болат Назарбаев кәсіпкерді сотқа берді

0
799

Кәсіпкер бұған дейін бизнесті рейдерлік басып алудың құрбаны болдым деп мәлімдеген.


Болат Назарбаев кәсіпкерді сотқа берді

ERNUR.KZ. Бұрынғы президенттің інісі Болат Назарбаев «Алматы Стекло» зауытының бас директоры Әзім Абдуллаевты сотқа берді, деп жазады ulysmedia.kz.

Кәсіпкер бұған дейін бизнесті рейдерлік басып алудың құрбаны болдым деп мәлімдеген.

Әуезов ауданының № 2 аудандық сотына Болат Назарбаевтан ар-намысын, қадір-қасиетін, іскерлік беделін қорғау және моральдық зиянды өтеу туралы талап арыз түскен. «Сотқа дейінгі хаттаманы дайындаумен татуластыру рәсімі» 27 маусымға белгіленген.

Сәуірдің басында Абдуллаев 2006 жылы ашылған кәсіпорын кірісін Болат Назарбаевпен бөлісуге мәжбүр болғанын айтқан. Айтуынша, оған барлық бизнес нысандарынан ай сайын 300 мың доллар төлеп тұрған. Осылайша 15 жыл ішінде Абдуллаев Нұрсұлтан Назарбаевтың інісіне 60 миллион долларға жуық ақша аударған.

Зауытта 400-ге жуық адам жұмыс істейді. Ол жылына орта есеппен 100 миллион түрлі бөтелкелер мен консервілер шығарады. Зауыт жылына 5 миллион долларға жуық табыс әкеледі.

15 сәуірде Антикор рейдерлік басып алу фактісі бойынша тергеуді бастағаны белгілі болды.

Еске салайық, 20 маусымда Болат Назарбаев пен оның бұрынғы әйеліне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат пайда болды. Істің қозғалуына «КАРУАН» ЖШС құрылтайшысы Нұрша Кәкеновтің рейдерлік әрекет туралы арызы себеп болғаны хабарланды. Бұл туралы ақпаратты Қаржы мониторингі агенттігі растады.