Бөлшек сауда көлеміндегі e-commerce үлесін 18,5%-ға жеткізу көзделуде – Сауда министрлігі

0
72

2024 жылдың қорытындысы бойынша ішкі электронды сауда көлемі 3,2 трлн теңгені немесе бөлшек сауданың жалпы көлемінің 14,1%-ын құрады.


Бөлшек сауда көлеміндегі e-commerce үлесін 18,5%-ға жеткізу көзделуде – Сауда министрлігі

ERNUR.KZ. Халықаралық талдау агенттіктерінің бағалауынша, 2024 жылы әлемдік электронды сауда нарығының көлемі 6,3 трлн АҚШ долларын құрап, оның үлесі 20% болды. Бұл көрсеткіш 2028 жылға қарай 8 трлн доллардан асуы мүмкін. Электронды сауда біздің елде де дамып келеді. 2020 жылдан бері оның көлемі 7 есеге артқанымен, әлі де әлемдік орташа деңгейден төмен. Бұл туралы ОКҚ алаңындағы баспасөз мәслихатында ҚР Сауда және интеграция министрлігі Ішкі сауданы дамыту департаментінің директоры Ансар Оразалиев мәлімдеді.

2024 жылдың қорытындысы бойынша ішкі электронды сауда көлемі 3,2 трлн теңгені немесе бөлшек сауданың жалпы көлемінің 14,1%-ын құрады. Спикердің айтуынша, 2025 жылдың соңында бұл көрсеткішті бөлшек сауда көлемінің 15%-ына дейін жеткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Сауда және интеграция министрлігі 2029 жылға қарай бөлшек саудадағы электронды сауданың үлесін 18,5%-ға дейін ұлғайтуды мақсат етіп отыр.

«Қолма-қол емес есеп айырысудың кең таралуы, бөлшек қаржылық технологиялардың дамуы және интернеттің қолжетімділігі дамудың жоғары әлеуетін қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ маркетплейстердегі сатушылар саны артып келеді. Қазір түрлі платформада бір тауар карточкасында бірнеше сатушының ұсыныстары бәсекеге түседі. Бұл орташа баға сегментіндегі сатушылардың маркетплейстерге көбірек шығуымен байланысты. Өзінің жеке сайтын құрудың орнына олар маркетплейстерді қолданғанды жөн көреді, себебі, бұл оларға кәсібін тезірек бастап, платформалардың ресурстарына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Болашақта сатушылар саны әрі қарай артып, бәсекелестікте басымдыққа ие болу үшін жаңа құралдарды пайдалану күтіледі», – деді спикер.

Қазақстан аумағындағы ең танымал маркетплейстер мен интернет-дүкендер – Kaspi.kz, Halyk Market, OZON, Wildberries, TEEZ және т.б.

Маркетплейстердегі сатылымдардың 62%-ын электротехникалық өнімдер, телефондар, жеңіл өнеркәсіп тауарлары, ал 38%-ын халық тұтынатын тауарлар құрайды.

Ішкі сауданы дамыту департаментінің басшысы e-grocery секторы жайлы да айтып өтті. Оның хабарлауынша, ол эксперименталды бағыттан толық қалыптасқан нарыққа айналды. Азық-түлік сынды күнделікті қажетті тауарлар онлайн режимде жиі сатыла бастады. Онлайн-өнім жеткізу бойынша ең танымал үш платформа — Kaspi, Яндекс.Еда және Magnum. Олардан кейін тізімде Glovo және Arbuz тұр.