Оқиға орнына жеткен атқамінерлер бәрі дұрыс деп қайта кеткен көрінеді.
сурет: nur.kz.
ERNUR.KZ. Үрейлі үй. Жаңаөзендегі көпқабатты баспананың едені опырылып, қабырғасы қақырап жатыр. Тұрғындар 40 жыл бұрын салынған үйді апатты деп тапсын деп әкімдікке талаптарын ашына айтуға барды. Бірақ, атқамінерлер жағдай ушығып тұрғанмен шешім қабылдауға асығар емес, деп жазады ktk.kz.
Опырылған еден елдің зәресін ұшырған. Құдды бомба түскендей дауыс шыққан. Бірінші қабаттағы пәтердің плитасы жертөлеге жетіп жарылған. Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнына жеткен атқамінерлер бәрі дұрыс деп қайта кеткен көрінеді.
Амангелді Бөлеков, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
- Бала-шағамның бәрін жан-жаққа жібердім. Жеті отбасы болып тұрамыз. Кеше жалған ақпарат берді әкім үйге орналастырдым деп. Көмек жоқ ешқандай.
Алпыс пәтерлік үйдің тұрғындарынан ұйқы қашқан. Мұнда түнемек түгілі, кіруге қорқады. Ашынған адамдар әкімдікке жиналып, мәселелерін жайып салып, жауапсыздықтарын беттеріне басты. Көзімен көрсе де, өзге пәтерлерді апатты деп танитын «көріпкел емеспін» деген әкімдіктегілер бұқара базынасына бастарын да қатырмайтындай. Сараптама өткеннен кейін ғана қорытынды жасаймыз деп отыр.
Ғалым Байжанов, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары:
- Мен гарантия бере алмаймын. Біз Алла емеспіз. Бір Алланың қолында. Енді тыңдаңыз. Кеше тиісті комиссияны құрдық. Өзіңіз болдыңыз, куә болдыңыз. Тиісті шараларын қабылдадық. Қазір міне мекемесін белгіледік істейтін.
Комиссия қорытындысы ай шамасында шығады. Оған дейін үрейлі үйден үріккен тұрғындардың көбінің қайта кіргісі жоқ. Көбі, туған-туыстарына көшіп жатыр. Сақтансаң сақтайды.