Барлық қатысушыларда тіркеуден өту үшін жеке басын куәландыратын құжат болуы шарт.
ERNUR.KZ. Халықаралық қар күні мерекесі бүгін, 19 қаңтарда сағат 12.00-де елордадағы Орталық саябақтың шаңғы-роллерлік трассасында өтеді. Іс-шара аясында 18 жасқа дейінгі балалар арасында шаңғы тебуден жарыс, сырғанақтар мен өзге де ойын-сауық түрлері ұйымдастырылады, деп жазады ҚазАқпарат.
Бұл күн Халықаралық шаңғы федерациясының (FIS) бастамасы бойынша жыл сайын қаңтар айының үшінші жексенбісінде әлемнің 40-тан астам елінде тойланады. Мереке мақсаты – адамдардың, әсіресе балалардың қысқы спорт түрлеріне қызығушылығын арттыру. Шара ҚР шаңғы жарыстарының Ұлттық Федерациясы мен қала әкімдігі тарапынан ұйымдастырылды.
«Біз үшін осындай іс-шаралар өте маңызды. Сол арқылы балалардың спортқа деген сүйіспеншілігі артып, әрбір балақай өзін нағыз чемпион ретінде сезінеді. Ал біз үшін болашақ чемпиондарымыздың әлеуетін ашу, оған спорттың қызықты, көңілді екенін көрсету парыз. Себебі, спорт тек қуаныш қана емес, денсаулық та сыйлайды», - деді «ҚР шаңғы жарыстарының ұлттық федерациясы» ҚБ бірінші вице-президенті Никита Девяткин.
Жас шаңғышылар мен жанкүйерлерді көңілді жаттығулар, дискотека, ойын старттары, «бананда» және «тюбингте» сырғанау күтуде. Қажет болған жағдайда қатысушыларға спорттық жабдықтар (шаңғы, аяқ киім, таяқша) тегін беріледі.
«Әрине, біз серіктестерімізге ризамыз, олардың қолдауы осындай іс-шараны ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Менің ойымша, мемлекеттік органдар мен мен бизнестің спорттың дамуына бірге үлес қосуы жақсы үлгі болып табылады.Бұл арқылы біз балалардың дамуына жағдай жасаймыз. Тек дені сау әрі мықты ұрпақ қана гүлденген қоғам құра алады», - деді Есіл ауданы әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбекұлы.
Жарыс қатысушылары жеті жас тобы бойынша бөлінеді. Әрбір топ үшін шаңғы тебудің өзіндік қашықтығы мен пән түрі анықталады. Алты және одан кіші жастағы қатысушылар шаңғымен 120 метрді сырғанап өтуі тиіс, ал 16-18 жас аралығындағы ұлдар 5 шақырымды бағындырса, қыздар 3 шақырымдағы қашықтыққа жарысатын болады. Барлық қатысушыларда тіркеуден өту үшін жеке басын куәландыратын құжат болуы шарт. Іс-шара өткізілетін ауданда шаңғы құралдарын жалға беру пункті жұмыс істейді. Жарысқа шыңғымен сырғанай алатын кез келген адам қатыса алады.