​Бүкіл елді дүрліктірген оқиға: Абайда зорланған баланың ісі бойынша үкім шықты

0
2 084

Ал жәбірленуші тараптың сот үкіміне көңілі толады.


​Бүкіл елді дүрліктірген оқиға: Абайда зорланған баланың ісі бойынша үкім шықты

ERNUR.KZ. Абай ауылында 7 жасар баланы зорлауға қатысты іс бойынша Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты үкім шығарды, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Сот алдына келген жалғыз айыпталушы – 2002 жылы туған жасөспірім 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған орта қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеде өтейтін болады. Оны сот залынан кісендеп алып кетті.

Сотталған баланың шешесі үкіммен келіспейді, ол сот шешімін аппеляцияға бермек. Ал жәбірленуші тараптың сот үкіміне көңілі толады.

Айта кетсек, тамыз айында Бас прокуратура балаға жыныстық сипатта зорлық-зомбылық жасау қылмыстық ісі бойынша тергеу өндірісін аяқтады. Қылмыстық кодекстің 15-бабы 2-тармағына сәйкес, жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны үшін 14 жастан бастап жауапқа тартылады.

Төрт күдіктінің ішінде қылмыс жасалған сәтте тек біреуі ғана осы жаста болған. Оның әрекеті қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-тармағы (кәмелеттік жасқа толмаған балаға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық) бойынша сараланды. Қалғандарына қатысты 14 жасқа толмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды.

Бүкіл елді дүрліктірген атышулы оқиға

Былтыр көктемде 7 жасар баланың зорланғаны туралы тараған ақпарат күнгей жұртшылығын ғана емес, бүкіл елді дүрліктірді. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Абай ауылында бірінші сыныпта оқитын оқушыны өзінен 7-8 жас үлкен төрт оқушы бес-алты ай бойы зорлап келген. Бала бұл жайт туралы отбасына 2017 жылы тамызда айтқан екен. Туған-туысқандары бірнеше мәрте полицияға барып, мекеменің табалдырығын тоздырса да, тәртіп сақшылары арызды тек қаңтар айында қабылдаған. Істің жүруіне аудандық білім бөлімі мен құзырлы органдар барынша қарсылық танытқан.

Қоғам наразылығын тудырған оқиғадан кейін бірнеше шенеунік жауапқа тартылып, жұмыстан шеттетілді. Құлақ естіп, көз көрмеген сұмдық жайлы Қазақстан президенті де айтқан болатын.

"Іс ұзаққа созылып, туған-туысқандарын әуре-сарсаңға салды. Бәрібір ештеңе таба алмай, дәлелдей алмадық. Неге екенін білесіздер ме? Барлық жерде туысқандары отырған. Бұл іспен айналысқан полицейлер де – туыстары, жоғары органдарда да туыстар, одан жоғарыда да – туыстары, бәрі істі жабу үшін жасалған", — деген еді Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында.

Бүлдіршіннің зорланған-зорланбағанын анықтау үшін халықаралық сарапшылар тартылды.

Зорланған баланың нағашы әжесі қазір баланың Алматыда анасымен бірге тұрып жатқанын айтты. Сол жақта мектепте оқиды.

"Тұрмыс жағдайымызға байланысты Алматыға барып тұруға мүмкіндігіміз жоқ. 4 айлық кезінен қолыма алып, өсірген балам ғой. Сағынамын", — дейді ол.