"Бұл не масқара": Тоқаев беттен сүйіп амандасатындарды сынап тастады

0
23


Фото: Ақорда
ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудан кейін журналистердің сауалына жауап беріп, құшақтасып, беттен сүйіп амандасатындарды сынады, деп жазады Stan.kz.

"Казахстанская правда" газетінің тілшісі Юлия Магер:

“Сіз баяндамаларыңыздың бірінде азаматтардың жүріс-тұрысының жаңа мәдениеті мен жаңа қоғамдық этика қалыптастыру жөнінде айтқан едіңіз. Сіздің бастамаңызды бірқатар танымал азаматтар іліп әкетті. Көбінесе ұлттық тәлім-тәрбиеге сай ұстамды, адамды құрметтей білетін қасиеттерге арқа сүйеуіміз қажет екені айтылып жүр. Өзгелерге құрмет, заң мен тәртіпті сақтау, өзіңді сыйлау және жауапкершілік таныта білу азаматтарымыздың күнделікті дағдысына айнала ма?” – деп сауал қойған.

Өз жауабында Тоқаев жастардың, егде адамдардың жүріс-тұрысына қарап, байырғы дәстүрлі құндылықтарымызға оралу қажет деген шешімге келгенін атап өтті.

“Білсеңіз, бұл іске өзім бастамашы болдым. Науқанға емес, нақты іске. Өйткені жастардың, егде адамдардың жүріс-тұрысына қарап, байырғы дәстүрлі құндылықтарымызға оралу қажет деген шешімге келдім. Ер адамдардың бір-бірін құшақтап, сүйіп амандасуы, сәлемдесу барысында әйелдердің еркектерді, еркектердің әйелдерді бетінен сүюі дұрыс емес. Біздің салт-дәстүрімізде мұндай ешқашан болмаған. Әсіресе, әскери форма кигендердің, генералдардың осылай істегені көзге оғаш көрінеді. Бұл не масқара? Кеңес Одағы маршалының, Дүниежүзілік соғыста, Ұлы Отан соғысында жеңіске жеткен маршалдардың осындай қылық көрсеткенін елестете аласыздар ма? Еркектер қолының ұшын ұстата салмай, қолды қаттырақ қысып амандасуы керек. Сәл жымиса ғана жеткілікті. Әрқашан солай болған”, – деді ол.

Тоқаев тіпті осы адамды көргеніңізге шын мәнінде қуанышты болсаңыз, оң қолыңызды кеудеңізге қойып амандасыңыз дейді.

“Өмірде мұндай жайт жиі кездеседі. Сондықтан мен жаңа жүріс-тұрыс әдебі туралы мәселе көтердім. Жалпы, бізге тазалық, тәртіп мәдениетін дәріптеу керек. Қолымыздан келмейді деп кім айтты?! Біз де жасыл желекті жақсы көреміз. Қазір Астанада, басқа қалаларда, аудандар мен облыстық маңызы бар шаһарларда оң өзгерістерге куә болып жүрсіздер. Біз өңір басшыларына жоғары талап қойдық. Осы іспен түпкілікті айналысамыз. Өйткені тазалық дегенді тура мағынасында ғана емес, ой-сананың, жан дүниенің тазалығы деп түсінген жөн. Белгілі тұлғалардың бірі айтқандай, ой тазалығы бой тазалығымен де ұштасқаны жөн. Яғни біз мәдениетті, таза ұлтқа айналуымыз керек. Сонда ғана күллі әлемге таныламыз”, – деп қосты мемлекет басшысы.