Бүлдіршіндер шетелдік мультсериалдарды енді қазақ тілінде көретін болды

0
1 075

Мультсериалдарды балалар әлемнің кез келген жерінен, қалаған уақытында тамашалай алады.


Бүлдіршіндер шетелдік мультсериалдарды енді қазақ тілінде көретін болды

ERNUR.KZ. «Қазақстан» телерадиокорпорациясына қарасты «Balapan» телеарнасы үздік шетелдік мультхикаялардың телеқұқығымен қоса, интернет құқықтарын сатып алу бастамасын алғаш болып жүзеге асырды, деп жазады ҚазАқпарат.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, алдағы уақытта арнадан көрсетілетін шетелдік анимациялық жобалар YouTube-тағы «BalapanTV» каналына салынады. Демек, бұл – мультсериалдарды балалар әлемнің кез келген жерінен, қалаған уақытында тамашалай алады деген сөз. Айта кетерлігі, бұған дейін шетелдік жобалардың дубляждалған нұсқасын әлеуметтік желілерге салу құқығы еліміздегі ешбір арнада болмаған.

«Осы күнге дейін қазақстандық балалар әлемнің озық мультфильмдерін YouTube платформасынан басқа тілдерде көріп келсе, енді ана тілімізде тамашалау мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр. Бұл – қазақ тілінің дамуына ықпал ететін әрі интернет желісіндегі қазақ тіліндегі сапалы балалар контентінің көбеюіне серпін беретін маңызды бастама. Бүгінде телеарнаның You tube-тегі жазылушыларының саны бір миллионға жуықтады»,-делінген хабарламада.

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, бүлдіршіндерге тарту ретінде YouTube-тағы «BalapanTV» каналына «Құрастырушы Лева» мультсериалының 66 бөлімі салынады. Алдағы уақытта YouTube-арна «Виспер-1», «Виспер-2», «100 % Wolf», «Аңдар достығы», «Капитан Шарки», «Кунг-фу қоян: от әміршісі», «Қанат қақ», «Аяз атаны құтқару», «Кемедегі оқиға» сынды анимациялық жобалармен толықтырылады.

Бұдан бөлек, «Balapan» телеарнасы төл анимацияны дамыту ісіне де көңіл бөліп келеді. Мәселен, телеарна тапсырысымен 2018 жылы 10, 2019 жылы 14 отандық мультсериал жасалса, 2020 жылы кішкентай көрермендерге 20 жоба жол тартпақ. Эфирден өткен барлық жобаларды арнаның YouTube каналынан көруге болады.