"Әпке-сіңліме "Тойыма келуші болма!" деп едім"

0
292

"Сол шынымен де соңғы ұрысқанымыз екен...""


Сурет: in.pinterest.com

"Анам айтып отыратын «Ертең бәрің жан-жаққа шашырап, тұрмысқа шыққанда іздейсіңдер» деп. Сол сөзі дәл келді" дейді ERNUR.KZ порталының оқырманы Гүлнұр.


"Жанұяда 4 қызбыз. Қазір кей таныстарым «Қандай тату-тәттісіңдер?! Әпкелі-сіңлі болған күшті екен ғой?» деп таңдай қағып жатады.

Иә, қазір әрқайсымыз әр қалада болсақ та, бір-бірімізге өте жақынбыз. Бірақ, бір үйде тұрған кезде мұндай болмағанбыз.

«Ыдысты сен жу-мен жу, кеше мен-бүгін сен» деп не болса соған күнде қырылатынбыз. «Осы үйден бір кетсем, көрмегенім сен болсыншы. Кейін мені іздеп келме! Тойыма да келуші болма!» деп талай айттық қой бір-бірімізге. Ызғары-зәрі жоқ сөздер, еркелік екен ғой соның өзі.

Ең үлкен әпкем Нұржамалмен арамыз 5 жас. Ортада екінші әпкем Гүлнар бар, ол - момын. Ал мен қырсықпын, анау-мынауға көне қоюым қиын. Сондықтан жасым кіші болса да, ең үлкен қыз екеуміз тетелестер сияқты қырқысатынбыз.

Үлкеніміз тұрмысқа шығып жатқан кез. Үйден ұзатылып жатқасын, көрші-қолаңнан жоқты түгендеп, айналаны жинап, бәріміз шыр-пыр боп дайындалып жүрміз.

Бір қарасам, әпкем шіркін елден бұрын киініп алып, қыз бен күйеубалаға деп жайған дастарханның төрінде отыр. Балалығым ғой, «Жұмыс істемеудің амалын жасап, қарашы... Соның ұзатуы ғой, менің емес...» деп іштей күйініп жүрмін. Не керек, құдалар келіп, ас желініп, сырға салынып, алыс-беріс басталды. Әпкемнің бет-моншағы үзіліп кетейін деп майысып отыр. Мен болсам белім ауырып, шаршағаннан шыдамым таусылуға жақын.

Содан әпкеме жақын барып «Ту, шаршап кеттім, ары отыршы, кішкене бел жазып алайын. Сен тірлік істемеудің амалын тауыпсың, иә? Азаннан бастап отырдың да қойдың ғой тырп етпей» дедім тыныш тұрмай. «Бүгін – менің күнім. Бақытты шағымды бұзбай, кетші әрі. Тірлік істегенің міндет па?» деп ол да сөз қайтарып үлгерді. Әдет қой, әйтпесе, бір-бірімізді жек көріп тұрғанымыз жоқ.

Сол кезде жеңгелеріміздің бірі «Қырылыңдар, қырылыңдар! Қазір құтыласыңдар бір-біріңнен! Сосын сағынып жүресіңдер бір-біріңе жете алмай» дегені сол еді... Екеуміз бір-бірімізге қарап отыра қалып, құшақтасып, жылап жібердік.

Сол шынымен де соңғы ұрысқанымыз екен. Қазір Нұржамал Стамбулда, мен Қызылордадамын. Тағы екі қыздың біреуі Шымкентте, екіншісі де сол оңтүстіктің бір ауылында. Жиі жолыға алмаймыз. Қатты сағынамыз бір-бірімізді. Анам айтып отыратын «Ертең бәрің жан-жаққа шашырап, тұрмысқа шыққанда іздейсіңдер» деп. Сол сөзі дәл келді. Қайта арамызды телефон мен ғаламтор желісі жалғап тұр, соған да шүкір дейміз. Хат-хабар алу қиын баяғы заман болғанда қайтер едік, білмеймін."