Әр МҰҒАЛІМ БІЛУІ ТИІС ЗАҢ: Мұғалімді өз міндетіне кірмейтін жұмысқа мәжбүрлесе... НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

0
280

Өкінішке қарай, соңғы жылдары мұғалімге қысым көрсету, ар-намысына тию, кәсіби шекарасын бұзу жағдайлары жиі кездеседі. Заңды білу арқылы өз-өзімізді қалай қорғай аламыз?


Әр МҰҒАЛІМ БІЛУІ ТИІС ЗАҢ: Мұғалімді өз міндетіне кірмейтін жұмысқа мәжбүрлесе... НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

сурет: knews.kg

Қазіргі мектепте мұғалім тек сабақ беріп қана қоймайды. Ол – психолог, медиатор, кейде тіпті заңгер сияқты әрекет етуге мәжбүр. Өкінішке қарай, соңғы жылдары мұғалімге қысым көрсету, ар-намысына тию, кәсіби шекарасын бұзу жағдайлары жиі кездеседі. Осындай сәтте эмоциямен емес, нақты заң бабымен жауап беру – ең дұрыс жол. Төменде өмірде болатын нақты ситуациялар және сол кезде қай бапқа жүгіну керектігі көрсетілді.


Оқушы немесе ата-ана мұғалімді қорласа...

Сабақ үстінде немесе чатта ата-ана мұғалімге ауыр сөз айтты, әлеуметтік желіде беделіне нұқсан келтіретін жазба жариялады.

Мұндай жағдайда ең алдымен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі-нің 73-3-бабына жүгінуге болады. Бұл бапта қорлау, яғни адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде кемсіту – әкімшілік құқық бұзушылық екені нақты көрсетілген.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңы-ның 12-бабында педагогтің кәсіби ар-намысы мен қадір-қасиеті мемлекет қорғауында екені жазылған. Яғни бұл жай ғана «ренжу» емес, заңмен қорғалатын құқық.


Мектеп әкімшілігі мұғалімнің киім стиліне тиіссе...

Әкімшілік «осылай киіну керек», «былай болмайды» деп жеке стильге араласады, ал бұл ішкі ережеде нақты көрсетілмеген.

Бұл жағдайда Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі-нің 22-бабына назар аудару керек. Онда қызметкердің еңбек құқықтарын құрметтеу және кемсітушілікке жол бермеу қағидасы бекітілген. Егер киімге қатысты талап еңбек шартында немесе мектептің ресми ішкі тәртіп құжатында нақты көрсетілмесе, жеке субъективті пікір негізінде қысым жасау заңсыз болуы мүмкін.

Ал егер талаптар бар болса, олар барлық қызметкерге бірдей қолданылуы тиіс. Таңдамалы талап қою – кемсітушілік белгісі.


Жасы үлкен мұғалім жас мұғалімге қысым көрсетсе...

Жас маманға менсінбей сөйлеу, жиналыста әдейі кемсіту, кәсіби беделін түсіру – бұл да жиі кездесетін мәселе.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі-нің 6-бабында еңбек саласында кемсітушілікке тыйым салынғаны көрсетілген. Жасы, тәжірибесі, әлеуметтік жағдайы бойынша қысым көрсету – заңға қайшы.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңы-нда педагогтің кәсіби қызметіне кедергі келтіруге болмайтыны нақты айтылған. Бұл тек ата-анаға емес, әріптестерге де қатысты.


Мұғалімді өз міндетіне кірмейтін жұмысқа күштесе...

Сайлау, сенбілік, есеп тасу, құжат жинау сияқты міндеттерді «міндетті түрде» жүктеу жағдайы кездеседі.

Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңы-ның 6-бабында педагогті өзінің кәсіби міндетіне кірмейтін жұмыстарға тартуға жол берілмейтіні көрсетілген (заңда нақты шектеулі жағдайлардан басқа).

Ал Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі-нің 33 және 45-баптарына сәйкес, қызметкердің келісімінсіз еңбек функциясын өзгертуге болмайды.


Мұғалімнің сабағын рұқсатсыз видеоға түсіріп, таратса...

Қазір сабақтан видео түсіріп, TikTok немесе чаттарға жүктеу жиі кездеседі.

Бұл жағдайда Қазақстан Республикасының «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Заңы-ның 7 және 11-баптарына жүгінуге болады. Адамның бейнесі мен жеке деректері оның келісімінсіз таратылмауы тиіс.

Сонымен бірге, егер бұл әрекет мұғалімнің беделіне нұқсан келтірсе, қайтадан Әкімшілік кодекстегі қорлау бабына сүйенуге болады.


Мұғалімнің әлсіздігі – заңды білмеуінде. Көп жағдайда біз «ұят болады», «ертең жұмысым қиын болып кетеді» деп үндемей қаламыз. Бірақ заңды білу – жанжал шығару емес, өз шекараңды сауатты қорғау. Қазіргі заманда мұғалім тек білім беруші емес, өз құқығын білетін, құқықтық мәдениеті жоғары маман болуы тиіс. Заңды білген ұстаз – сенімді ұстаз.