Атыраудағы бейімдеу орталығынан тәрбиеленуші 3 рет қашып кеткен

0
76

Биыл Атырау облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығынан қашу дерегі алғаш рет тіркелді.


Атыраудағы бейімдеу орталығынан тәрбиеленуші 3 рет қашып кеткен

Фото: Яндекс Карты

ERNUR.KZ. Бір тәрбиеленуші үш рет қашып кеткен. Оның екеуінде жалғыз өзі кетсе, үшінші жағдайда өзінің қарындасын және тағы екі қыз баламен бірге кетіп қалған, деп жазады inbusiness.kz.

Осы деректерді негізге алған Атырау қалалық прокуратурасы білім беру басқармасына қарасты орталықтың қызметіне қызметтік тексеріс жүргізіп, директордың жауаптылығын қарастыру туралы хат жолданған. Құқық қорғау органы мекеме басшысына “қатаң сөгіс” түріндегі тәртіптік жаза қолданылғанын мәлімдеді.

Атырау облысы прокуратурасының берген ресми ақпаратына сүйенсек, қала прокуратурасы уәкілетті органдардың мамандарын жұмылдыра отырып, прокурорлық тексеріс тағайындау жоспарлануда.

– Тексеру барысында орталықтың санитариялық жағдайы, төтенше жағдай талаптарының сақталуы, медициналық қамтамасыз етілуі, қаржылық-шаруашылық қызметі және өзге де заң бұзушылықтар жан-жақты зерделенеді, – деп мәлімдеді облыс прокуратурасы.

Облыстық білім беру басқармасының жоспарында кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жаңа ғимарат салу бар. Жаңа нысан салу үшін Жұлдыз-2 ықшам ауданынан 2,9 гектар жер қаралған. Қазір бастаманың жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Атырау облысы білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуовтың айтуынша, нысан барлық заманауи талапқа сай жабдықталады.

– Бейімдеу орталығының ғимараты 2014 жылы пайдалануға берілген. 2025 жылы жөндеуден өтті. Бейімдеу орталығы "типтік үлгіде" емес. Жаңасы 50 балаға арналады, – деді білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов.