Бюджет қағидалары Ұлттық қордың қаражатын жинақтауға бағытталатын болады

0
1 069

Үкімет отырысында келісімді Министрлер кабинеті бірауыздан қолдады.


Бюджет қағидалары Ұлттық қордың қаражатын жинақтауға бағытталатын болады

ERNUR.KZ. Бюджет қағидалары Ұлттық қордың қаражатын жинақтауға бағытталатын болады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

"Сіздердің қарауыңызға Үкімет пен Ұлттық банк арасындағы 2019 жылға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісім жобасы енгізіліп отыр. Келісімде 10 бағыт көзделген. Теңгерімді фискалдық саясат шеңберінде жұмыс кірістердің өсуін ынталандыруға және салық салу базасын кеңейтуді ынталандыруға бағытталады. Бюджет қағидалары Ұлттық қордың қаражатын жинақтауға бағытталатын болады", - деді ол.

Министрдің айтуынша, Үкімет пен Ұлттық банктің тиімді ақша-кредит саясаты және инфляция деңгейін бақылау бойынша бірлескен шаралары экономикалық өсуді қамтамасыз етуге бағытталған. Осы бағыт шеңберінде тарифтік саясатты жетілдіру және тұтыну тауарларын өндіруге бағытталған шараларды әзірлеу жоспарлануда.

"Валюта нарығының теңгерімділігі бойынша Ұлттық банктің шараларына қосымша ірі квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, Қаржы министрлігінің және Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті айырбастау жөніндегі бюджеттік операциялардың іс-қимылдарын үйлестіру қамтамасыз етіледі. Бұл ретте Ұлттық банк интервенция жүргізу құқығымен еркін құбылмалы айырбас бағамы саясатын жалғастырады",- деді Р.Дәленов.

Мұнан бөлек, инвестициялар тарту және экономиканы қорландыру қолжетімділігі, сондай-ақ мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын дамыту бойынша инвестициялық ахуалдың тартымдылығы және қаржыландырудың қолжетімділігі бойынша жұмыс жалғасатын болады. Сондай-ақ, борыштық капитал құнының индикаторларын қалыптастыру үшін мемлекеттік бағалы қағаздар шығарылымын ірілендіру көзделеді.

"Экономиканы дамытуды қаржылай қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру бағыты шеңберінде мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі артатын болады. Бұл ең тиімді жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Банкроттық рәсімдерін жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғасатын болады. Бұл кредит берушілердің борышты реттеу жөніндегі құқықтарын іске асыруда кедергілерді жояды",- деді ол.

Оның атап өтуінше, көлеңкелі экономиканы төмендету және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту шеңберінде қолма-қол ақша айналымын қысқарту бойынша қаржылық және қаржылық емес ынталандыру әзірленеді. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және қаржылық сауаттылықты арттыру мақсатында кредит беретін банктік емес ұйымдардың қызметін реттеу бойынша шаралар қабылданатын болады.

"Осылайша, осы Келісімді іске асыру экономикалық өсуге қол жеткізуге және инфляцияны ұстап тұруға мүмкіндік береді",- деді Р.Дәленов.

Айта кетерлігі, Үкімет отырысында келісімді Министрлер кабинеті бірауыздан қолдады.