Бюджет қаражаты форумдар мен семинарларға жұмсалмайды – Қаржы министрлігі

0
111

Қазіргі кезде мемлекет әрбір мемлекеттік орган бойынша бюджеттік шығыстарды алдын ала есептейді.


Бюджет қаражаты форумдар мен семинарларға жұмсалмайды – Қаржы министрлігі

Фото: Қаржылық мониторинг агенттігі

ERNUR.KZ. Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы үш жылдық бюджеттен қандай тиімсіз шығыстар жойылғанын айтып берді, деп жазады inform.kz.

— Кейінгі жылдары форумдар мен семинарларға жұмсалатын шығындар қарастырылмағанын байқауға болады, - деді А. Бейсенбекұлы Құрылтайда тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Сонымен қатар, бюджетте мемлекеттік органдар қызметкерлеріне арналған жекелеген кеңсе тауарларына қаражат қарастырылмаған. Бұл ретте ол тиісті өзгерістер жаңа Бюджет кодексіне сәйкес енгізілгенін айтты.

— Кеңсе тауарларымен толық қамтамасыз етуге қатысты қаншама елеулі құжат айналымы керек. Сондықтан тиісті нормативті бекіттік. Әр адамға нақты не қажет екенін есептеп, шекті мөлшерді белгіледік. Белгіленген норматив аясында бір адамға 8 АЕК мөлшерінде айқындалды, — деп түсіндірді вице-министр.

Сондай-ақ, қазіргі кезде мемлекет әрбір мемлекеттік орган бойынша бюджеттік шығыстарды алдын ала есептейді.

— Мемлекеттік органның тиісті деңгейде жұмыс істеуі үшін белгілі бір базалық шығындардың бар екенін білеміз. Осы шығындардың нақты қажеттілігін анықтау мақсатында бес жылдық деректерді қамтып, талдау жүргіздік. Мұндай талдау тетіктері тиімсіз шығындарды анықтауға көмектеседі. Нәтижесінде, оларды бюджеттен алып тастаймыз. Ауқымды жұмыс атқарылды, соның арқасында тек биылдың өзінде 44 млрд теңге көлеміндегі шығын оңтайландырылды, – деді Бейсенбекұлы.