Ер адам далада жүгіріп, өзіне және басқаларға қауіп төндіргені анықталды
ERNUR.KZ. Нұр-Сұлтанда ер адам далада жүгіргені үшін 3 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп жазады Skifnews.kz.
Спорт әуесқойы карантинді 21 сәуірде бұзған. Жүгіруге және жаттығу жасауға тек 4 мамырдан бастап рұқсат берілді.
"Азамат карантин режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 3 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды", - деп жазылған Нұр-Сұлтан қалалық сотының ресми сайтында.
Ер адам далада жүгіріп, өзіне және басқаларға қауіп төндіргені анықталды. Қаулы заңды күшіне енді.
Бұған дейін елордада аралас жекпе-жектен промоутерлік компанияның президенті Анатолий Кимге айыппұл салынды. Ол 30 сәуірде Ботаникалық бақта спортпен шұғылданған. Ким жаттығуға тыйым салатын ресми құжат көрсетілмегенін айтып, кінәсін мойындамады.