Дәрігерді ұрып, мәйітті ұрлады: Күдіктілер 12 жылға қамалуы мүмкін

0
740

Талғар аудандық ауруханасында әкесінің қайтыс болғанын естіген ұлдары медицина қызметкерлеріне күш көрсетіп, марқұмның денесін ұрлап кеткен.


Дәрігерді ұрып, мәйітті ұрлады: Күдіктілер 12 жылға қамалуы мүмкін

ERNUR.KZ. Алматы облысының полициясы Талғар қаласында медицина қызметкерлерін ұрып-соққан күдікті екі адамды уақытша ұстау изоляторына қамады, деп жазады ҚазАқпарат.

Алматы облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің басшысы Ернар Сайдильдин қылмыстық іс қозғалғанын атап өтті.

«ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы 2-бөлігіне сәйкес денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін мүлкі тәркіленіп немесе 8 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Қылмыстық іс облыстық Полиция департаменті басшылығының бақылауында. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», - деді Алматы облысы ПД баспасөз қызметінің басшысы Ернар Сайдильдин.

Еске салайық, кеше Талғар аудандық ауруханасында әкесінің қайтыс болғанын естіген ұлдары медицина қызметкерлеріне күш көрсетіп, марқұмның денесін ұрлап кеткен.

Кейін Денсаулық сақтау министрлігі аталған оқиғаға қатысты пікір білдіріп, дәрігерлерді соққыға жыққандарды жазалауды талап етті.

Көп ұзамай екі күдікті ұсталып, полиция бөліміне жеткізілгені мәлім болды.