Денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру жаңа технологияларды енгізу ғана емес, бұл – медициналық көмектің сапасына, азаматтарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігіне тікелей әсер ететін стратегиялық бағыт.
ERNUR.KZ. Сонымен қатар ол – жалпы денсаулық сақтау саласындағы қаржыландырудың тиімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тетіктердің бірі. ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында осылай деп мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, қазір мемлекеттік бюджет және Медициналық сақтандыру қорының қаржыландыруы арқылы 1900-ге жуық медициналық ұйым қызмет атқарып жатыр. Осы ұйымдар 20 млн астам қазақстандыққа, ал, жыл сайын 400 млн-ға жуық азаматқа медициналық көмек көрсетеді. Соның ішінде динамикалық бақылаудағы және әлеуметтік осал топтардағы 700 мың азамат бар. Барлығы 19 млн астам тегін дәрілік рецептер берілген. 370 мыңға жуық әйелге жүктілігіне байланысты тиісті медициналық қызметтер көрсетіледі. Ербол Оспанов ведомствоның жүзеге асырып жатқан цифрлық бастамалары жайында ақпарат берді.
«Біріншісі – пациенттерді цифрлық сәйкестендіру. Былтыр біз бұл жобаны пилоттық режимде іске асырғанбыз. Жоба қазірдің өзінде 1 800-ден астам медициналық ұйымды қамтыды, жүйені күн сайын 80 мыңнан астам қызметкер пайдаланады. Жыл басынан бері олар 66 млн астам қабылдау өткізді. Нәтижесінде медициналық қызметтер көлемі 11,5%-ға азайды. Жүйе заңсыз көрсетілетін қызметтің көлемін азайтты. Қаржы жағынан бұл 2,5 млн теңгеге дейін үнемдеуге мүмкіндік берді», – деді спикер.
Медициналық қызметкерлер әртүрлі ақпараттық жүйелердегі құжаттарды немесе қағаз құжаттарды толтыруға көп уақыт жұмсайды. Осыған орай, медициналық ақпараттық жүйелерді интеграциялау және модернизациялаудың арқасында медицина қызметкерінің жүктемесі 40%-ға азайды. Осыған дейін дәрігерлер 4 ақпараттық жүйеде жұмыс істесе, қазір біреуін ғана қолданады.
Сондай-ақ медициналық құжаттар, анықтамалар цифрлық форматқа ауыстырылып жатыр. Қазірдің өзінде 5 құжат цифрлық форматта ұсынылады. Осы жылы тағы үшеуін ауыстыру көзделген. Бұрын тек қағаз жүзінде ресімделген медициналық анықтамалар — мысалы, 073/у (көлік жүргізу үшін), 075/у (медициналық тексеру), баланың денсаулық паспорты және жеке жұмысшыларға арналған медициналық кітапшалар енді электронды форматта қолжетімді. Оларды eGov арқылы алуға болады. Бұл ыңғайлы әрі заңсыз беріліп жатқан құжаттар айналымын қысқартуға мүмкіндік береді.