Еліміздің білімді әрі шығармашылығын дамытып, еңбектенуге ұмтылған жастарын қолдауға бағытталған бірқатар бағдарлама мен жобалар іске асырылып жатыр.
ERNUR.KZ. Солардың бірі – 1992 жылдан бері тағайындалып келген «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы. Биыл «Дарын» сыйлығына үміткерлердің құжатын қабылдау 26 маусымда басталды. Өтінімдерді қабылдау 27 тамызға дейін жүргізіледі. Толық ақпарат ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтында қолжетімді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров ОКҚ брифингінде хабарлады.
Байқау «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы» сынды 10 аталым бойынша жүргізіледі.
«Дарын» – жастар үшін ең маңызды сыйлық. Оны алуға үміткерлерге әрқашан ерекше талаптар қойылады: әлеуетті лауреаттар тек таланттарға ие болып қана қоймай, шығармашылық, ғылыми немесе спорттық ортада жетістікке жетуі керек. Жоғары интеллектуалдық және азаматтық рух және бізді қоршаған әлемді жақсы жаққа өзгертуге деген ұмтылыс өте маңызды», – деді спикер.
Бүгінге дейін 360-тан астам жас қазақстандық «Дарын» сыйлығының иегері атанды. Олардың ішінде еліміздің туын әлемге танытқан спортшыларымыз Ольга Шишигина, Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов, Динара Садуақасова, Денис Тен, өнер саласында өзіндік орны бар Әлтаев Аманжол, Айгүл Иманбаева, Досымжан Таңатаров, Мария Мудряк, Димаш Құдайберген, «Муз АРТ», «Жігіттер» және «Ұлытау» топтары, ғылым саласында Максим Здоровец, Мақсат Жабагин, журналистика саласында Гүлнәз Әлімгерей, Мақпал Жұмабай, Ирина Тен сынды өнерлі, талантты қоғам қайраткерлері бар. Бүгінде осы азаматтар әлем сахналарында өз өнерімен, білімімен, талантымен еліміздің абыройын асқақтатып жүр.