ДДҰ басшысының мәліметінше, бүгінде Еуропада шамамен 150 миллион адам аптап ыстықтың зардабын тартып отыр.
Фото: pixabay
ДДҰ басшысының мәліметінше, бүгінде Еуропада шамамен 150 миллион адам аптап ыстықтың зардабын тартып отыр. Бұл жағдай денсаулық сақтау, энергетика және білім беру жүйелеріне айтарлықтай салмақ түсірген.
Кейбір елдерде электр желілерінің жұмысы үзіліп, мектептер уақытша жабылып, медициналық мекемелерге жүктеме күрт артқан.
Тедрос Адханом Гебрейесус климаттың өзгеруіне байланысты бұрын сирек кездесетін аптап ыстықтың енді жыл сайын қайталанатын құбылысқа айналғанын атап өтті. Оның сөзінше, 21 маусымнан бері Еуропада жоғары температура салдарынан 1300-ден астам адам көз жұмған.
"Аптап ыстықтан болатын күйзелісті көбіне "үнсіз өлтіруші" деп атайды. Себебі Еуропадағы тұрғын үйлер, жұмыс орындары мен мектептердің көпшілігі мұндай жоғары температураға бейімделіп салынбаған", – деді ДДҰ басшысы.
Ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мүше мемлекеттермен және халықаралық серіктестерімен бірлесіп, экстремалды ыстықтың салдарын азайту бағытындағы шараларды күшейтіп жатқанын айтты.
"Біз Еуропа елдерін климаттың өзгеруі жағдайында халықтың денсаулығын қорғау стратегиясының бір бөлігі ретінде аптап ыстыққа қарсы ұлттық іс-қимыл жоспарларын әзірлеп, енгізуге шақырамыз", – деді Тедрос Адханом Гебрейесус.
Айта кетейік, бұған дейін мамандар аптап ыстықтың кейбір дәрі-дәрмектердің қасиетін өзгертіп, олардың адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін ескерткен болатын.


