Денсаулық сақтау министрлігі комаға түскен сарбаз Ербаян Мұхтарды Түркиядан санитарлық авиациямен жеткізеді

0
637


Денсаулық сақтау министрлігі комаға түскен сарбаз Ербаян Мұхтарды Түркиядан санитарлық авиациямен жеткізеді

Фото: Stan.kz

ERNUR.KZ. Ұлттық ұлан сарбазы Ербаян Мұхтардың жағдайына байланысты денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова пікір білдірді. Оны әскери қызмет кезінде басынан жарақат алғаннан кейін Ыстамбұлға емделуге жіберген еді, деп жазады stan.kz.

Министрдің айтуынша, шамамен екі апта бұрын министрлік сарбаздың отбасымен байланысқа шыққан. Қазір ол Түркияда оңалтудан өтіп жатыр.

Әлназарованың сөзінше, денсаулық сақтау министрлігі, қорғаныс министрлігі және ішкі істер министрлігі сарбазды елге жеткізу мәселесімен айналысып жатыр. Министр отбасы мүшелеріне алаңдамауды айтып, оны санитарлық авиация арқылы Қазақстанға жеткізетінін хабарлады.

Еске салайық, бұған дейін Ербаян Мұхтар ұлттық ұланның Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген. 2023 жылдың желтоқсанында сарбаз ми жарақатын алып, содан кейін комаға түскен. Әскерилер туыстарына Ербаянның дәретханада құлап, басын еденге соғып алғанын айтқан. Алайда сарбаздың жақындары ұлдарының абайсызда құлап қалғанына сенбейді. Ішкі істер министрлігі тергеу барысын өз бақылауына алды.

Қазақстандықтар 6 айдан астам комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтардың емі үшін 230 миллион теңге жинап берді. 27 қыркүйек күні сарбаз Түркияға емделуге жіберілген еді.