​Депутат ажырасқандардың табыс салығын арттыруды ұсынды

0
115

Мәжіліс депутаты «Жас отбасы» ұлттық бағдарламасын әзірлеу туалы да ұсыныс айтты.


​Депутат ажырасқандардың табыс салығын арттыруды ұсынды

Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында ажырасқан қазақстандықтарға табыс салығын жоғары мөлшермен салуды ұсынды, деп жазады inform.kz.

— Ұлттық статистика бюросының ресми деректеріне сүйенсек, 2023 жылы елімізде 120,8 мың неке тіркелсе, соның 40,2 мыңы ажырасумен аяқталған. Салдарынан бүгінде 400 мың әйел мен 60 мың еркек жалғыз басты адам кебін құшып отыр, — деп бастаған депутат заң талаптарын қатаңдатуды ұсынды.

Ресми түрде ажырасқан тұлғаларға саланатын салық өсе бермек.
— Ажырасуға өтініш білдірген ерлі-зайыптылардың біржақты шешімі негізінде сотқа арыз қабылданбас бұрын арнайы мемлекеттік баж немесе жарна төлеу тәртібін енгізу қажет. Бұл төлемнің көлемі едәуір жоғары болуы тиіс. Сонымен қатар, ресми түрде ажырасқан тұлғалар үшін табыс салығының мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру қарастырылсын, — деді ол.
Сондай-ақ, отбасы мәселесінде әулеттің үлкендерін тыңдау, дау-дамайды бітіммен шешу тәжірибесін заманауи форматта қолдану үшін ардагерлер алқасы, имамдар, әйелдер кеңесі сынды консультативтік-кеңесші органдардың әлеуетін пайдалану ұсынды.
— Ажырасуға өтініш берген ерлі-зайыптылардың ісі сотқа жетпей тұрып, алдын ала осы кеңестердің қарауына ұсынылып, бітімгершілік және татуласу бағытында жұмыс жүргізілсе, көптеген отбасылардың сақталып қалуына мүмкіндік туар еді, — дейді Ардақ Назаров.
Мәжіліс депутаты «Жас отбасы» ұлттық бағдарламасын әзірлеу туалы да ұсыныс айтты.
— Үйлену тойларын өткізу үшін ғана несие рәсімдеуге жол бермеу жөнінде кең көлемді ақпараттық-идеологиялық науқан жүргізу керек. Қазіргі қоғамда екі жастың үйлену тойына байланысты қарызға бату, банктен несие алу жиілеп кетті. Бір сәттік салтанат үшін бірнеше жыл несие төлеу жас отбасының берекесін кетіріп, экономикалық тәуелсіздігіне кері әсер етеді. Осыған байланысты, Үкіметке жастар арасында қаржылық сауаттылықты арттыру, несиеге той жасамау жөнінде жалпыхалықтық ақпараттық-идеологиялық қозғалыс бастауды ұсынамын, — деді ол.