ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева аралық есеп туралы мәлімдеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
"Құрметті достар, ағымдағы ай бойы Премьер-Министрдің орынбасары Т.Қ. Дүйсенова және мемлекеттік органдардың барлығымен Мемлекет басшысының балалық шақ саласындағы тапсырмаларын іске асыру бойынша жұмыс істеп келеміз.
Сонымен қатар, бұл және басқа да міндеттермен өңірлерде жұмыс істей бастадық. Жалпы алғанда, бір жарым айдың ішінде 4 аймаққа барып келдім. Енді күзде ҮЕҰ-мен, өңірлерлік БҚУ-дермен үлкен талқылау өткізуді жоспарлап отырмыз. Өңірлерге ұзағырақ мерзімге барып, аудан орталықтары мен ауылдарда жұмыс істейміз.
Түрлі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, ата-аналармен көтерілетін мәселелер мен өтініштер бойынша үнемі кездесулер өткізіп жүрміз. Сондай-ақ, бір жарым айдың ішінде 400 жеке өтініш бойынша жұмыс жүргізілді – бұл емдеу мәселелері, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, зорлық-зомбылыққа қатысты және т. б." - деп жазады Закиева.


