«Директордың күйеуі балаларды құшақтап, ұйықтатады екен»: Астанадағы жекеменшік балабақшадан дау шықты

0
149

​Мекеме басшысы видеоны таратқан бұрынғы қызметкерін сотқа бермек.


«Директордың күйеуі балаларды құшақтап, ұйықтатады екен»: Астанадағы жекеменшік балабақшадан дау шықты

Фото: скриншот

ERNUR.KZ. Астанадағы балабақшалардың бірінде болған жағдай әлеуметтік желіде лезде тарап, кеңінен талқыланып кетті. Себебі, видеодан көрініп тұрғандай, балалар ойнап жүрген бөлменің қақ ортасында бөтен бір еркек жатыр. Осы көріністі WhatsApp чаттан көрген ата-ана оның не істеп жүргеніне наразылық білдіріп, оқиға туралы Threads желісінде жазды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Айтуынша, қызының бұл балабақшаға барып жүргеніне небәрі екі күн болған. Бұған дейін көп жыламайтын бала жаңа ортаға барғаннан кейін түнде шошып оянып, таңертең орталыққа барғысы келмей, тіпті шыңғырып жылап бастаған.

Осыдан кейін ол ата-аналарға арналған WhatsApp чатқа қосылған. Автор сол чаттағы хабарламалардың скриншотын жариялады. Скриншотқа сүйенсек, мекемедегі бұрынғы қызметкер жеткіншектердің қараусыз жүретінін, үнемі құлап, тіпті таяқ жеп, дұрыс тамақтанбайтынын айтқан. Ал басшылар тәрбиешілерді жұмысқа жиі қабылдап, 1-2 күн жұмыс істетіп, кейін шығарып жіберетін көрінеді.

Ал бұндай ақпараттан кейін жаға ұстатарлық видео жіберген. Үш секунд ғана түсірілген видео болса да, ол жердегі көрініс әйелдің шашын тік тұрғызған. Байқағанымыздай, расымен, бір ер адам бүлдіршіндер ойнайтын бөлмеде жерде жатыр. Ал бүлдіршіндердің бірі үстіне мініп жүрсе, қалғаны айналасында ойнап отыр.

«Міне, тәрбиешілер жоқ кезде күйеуі қарайды. Онымен қоса балаларға арқасын бастырады. Егер сол видеоны тапсам, тағы жіберемін», – деп жазған экс-қызметкер.

Кейін ол ер адамның мекемеде көлік жүргізуші және басшының жолдасы екені анықталды.

«Балаларды жақсы көреді, қасында отырады» дегенді қалай түсінуге болады? Қазіргі заманда бөтен ер адам неге олардың қасында отырады? Мен бұны жай қалдыра алмаймын», – деп жазды әйел.

Бұған орталықтың басшысы аудиожазба арқылы жауап берген. Ол анасына мұнда ер мұғалімдердің де жұмыс істейтінін, олардың балаларға дене шынықтыру және каратэ сабақтарын өткізетінін түсіндірген.

Алайда ана бұл жауаппен келіспейді. Өзінің де педагог екенін айтқан ол ер адамның жаттығу өткізіп жатқанын емес, балалардың ортасында еденде жатқанын көргенін жеткізді.

«Басқа балабақшаларда да ер адамдар жұмыс істейтінін білемін. Мен де педагогпін. Бірақ бұл жерде видеода ағайдың жаттығу жасап жатқанын емес, қыздарымыздың ортасында қақ жерде жатқанын көріп тұрмын. Ата-аналар, бұл сіздерге қалыпты жағдай ма? Маған жоқ», – деп жазды ол чатқа.

Мұнан бөлек, тағы бір ата-ана Threads-те 3 жастағы баласын дәл осы ұйымға бергенін, бастапқыда бәрі жақсы болғанымен, кейін қызы апайының қолынан ұрғанын айтып, жылап келгенін жазды.

«Алғашында бәрі жақсы болған, 2 аптадан соң қызым бармаймын, бақшада қорқамын дегенді айта бастады. Адаптация шығар деп мән бермедім. Бір күні апай қолымнан ұрды деп келді, түнде шошып жылайтынды шығарды, таңертең бармаймын деп жалынып сұрайды. Кеше ғана отырғызып неге бармайтынын сұрасам, апай жамбасымнан ұрды, қолымды шымшыды дейді. Күндіз ұйықтадың ба десем, иә, мені ағай ұйықтатты дейді. Жүрегім селк ете қалды. Ертең барып, анығын білемін деп отқанда 23:40 шамасында меңгеруші мобилограф өтірік айтып жатыр деп аудиохабарлама жіберді. Ал мобилограф қызымның айтқанын ол да қайталап отыр. Баламды жұлқылап алғанын да көрген екен. Ал меңгерушінің күйеуі балаларды құшақтап, көтеріп, ұйықтатады екен. Енді осындай жағдайдан кейін қызым ауырып қалды», – деп жазды ол.

Осы жағдайдан кейін біз орталықтың басшысына байланысқа шықтық. Ол мұның барлығы жалған екенін айтты.

«Ақпаратты таратқан адам бұрында бізде жұмыс істеген. Біз оны сотқа береміз. Себебі, таратып отырған ақпараты өтірік», – деді ол.

Ал Астана қаласы білім бөлімінің мәліметінше, бұл – биыл ғана ашылған жекеменшік балабақша. Мекеме ешқандай мемлекеттік тапсырыс алмағандықтан, тексеру жүргізе алмайды.