Жеңіл атлетикадан Әлем чемпионы, Қазақстан құрамасының мүшесі, Altay Athletics клубының жетекші желаяғы Нора Джеруто допинг қолданды деген күдікке ілінген болатын.
ERNUR.KZ. Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов допингпен ұсталған Олимпиада жүлдегерлері мемлекеттен берілген ақшалай сыйақы мен пәтерді неге қайтармай жүргенін түсіндірді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Мәдениет және спорт министрлігі Ұлттық олимпиада комитетімен, түрлі спорт федерацияларымен бірге допинг қолданған спортшыларға төзімсіздік таныту қағидатын ұстанады», - деп жазылған редакция сауалына жолдаған жауапта.
Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов берген жауапқа қарағанда, қолданыстағы заң допинг қолданған спортшылардың жағында.
«Спортшылардан (Олимпиада жүлдесі үшін алған – ред) пәтерлер мен ақшалай сыйақы қайтарып алынбайды. 2019 жылдың соңында «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға ақшалай көтермелеу мен баспананы қайтару туралы тиісті түзетулер енгізілген», - деп жазады комитет басшысы.
Бұған дейін Жеңіл атлетикадан Әлем чемпионы, Қазақстан құрамасының мүшесі, Altay Athletics клубының жетекші желаяғы Нора Джеруто допинг қолданды деген күдікке ілінгенін жазған едік.
Жуықта ғана боксшылар Абзал Серік пен Саматәлі Төлтаевтың қан құрамынан допинг табылып, ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов пікір білдірген болатын.