Дубайда A Dubai Invite атты жаңа бағдарлама іске қосылды.
Фото: magnific.com
ERNUR.KZ. Бағдарлама аясында шетелден достары мен туыстарын шақырған Біріккен Араб әмірліктері азаматтары мен тұрғындарына сыйақы қарастырылған, деп жазады stan.kz.
Бағдарлама талаптарына сай келетін әрбір шақырылған қонақ үшін Дубайда тұратын азаматтар мен резиденттерге 3 мың дирхамнан (шамамен 380 мың теңге) асатын бонус пакеті беріледі. Алайда бұл қаражат қолма-қол берілмейді. Оның орнына қонақүй, мейрамхана, ойын-сауық орындары мен басқа да серіктес ұйымдардың жеңілдіктері, сертификаттары және арнайы ұсыныстары ұсынылады.
Бастаманы Дубайдың Экономика және туризм департаменті (Dubai Department of Economy and Tourism) таныстырды. Бағдарлама VFR-туризмді (visiting friends and relatives), яғни достар мен туыстарға қонаққа бару мақсатындағы саяхатты дамытуға бағытталған.
Департамент мәліметінше, бағдарлама Дубай тұрғындары мен азаматтарына шетелдегі жақындарын шақырып, олардың қалаға келгені расталған соң департамент ұсынатын бонустарды алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ведомство A Dubai Invite бағдарламасы лотерея, ұтыс ойыны немесе байқау емес екенін және шақырылған қонақтардың әуе билеті, тұруы немесе визасы үшін ақы төлемнбейтінін айтты.
Бағдарламаға кім қатыса алады?
Бағдарламаға 18 жастан асқан, жарамды Emirates ID құжаты бар Біріккен Араб әмірлігі азаматтары мен тұрғындары қатыса алады. Ол үшін шетелден келетін досының немесе туысының деректерін олардың Дубайға келуіне дейін арнайы онлайн-форма арқылы тіркеу қажет.
Шақырылған қонақтарға қойылатын талаптар
Шақырылған азаматтар бірнеше талапқа сәйкес келуі тиіс:
- Біріккен Араб әмірлігі резиденті болмауы керек;
- Дубайға биыл 20 шілде мен 31 қазан аралығында келуі қажет;
- Елге туристік визамен, визасыз режим арқылы немесе шекарада берілетін визамен кіруі тиіс.
Қонақтар Дубайға ұшақпен, теңіз арқылы немесе құрлық жолымен келе алады.
Бағдарлама визаны рәсімдеуді қамтымайды. Департамент мәліметінше, шақырылған азаматтар барлық қажетті құжатты өздері рәсімдеп, сапарға байланысты барлық шығынды өздері өтейді.
Бағдарлама қалай жұмыс істейді?
Қонақ Дубайға келген соң қатысушыға оның келгенін қосымша растаудың қажеті жоқ. Департамент мәліметінше, бұл ақпарат мемлекеттік жүйелер арқылы автоматты түрде тексеріледі.
Бағдарлама ережесінде:
“Қонақтарыңыз келгеннен кейін 72 сағат ішінде бонус алу жөніндегі нұсқаулық көрсетілген электрондық хат жіберіледі. Ал артықшылықтар пакеті 2026 жылдың тамыз айынан бастап таратылады”, – деп жазылған.
Бір өтінімде бірден бес адамға дейін тіркеуге болады. Егер шақырылатын адамдар саны бұдан көп болса, қосымша өтінім беруге рұқсат етіледі.
Қандай бонустар беріледі?
Әрбір бонус пакетінің құны 3 мың дирхамнан асады.
Пакетке қонақүйлердің, мейрамханалардың, туристік нысандардың және түрлі сервистердің арнайы ұсыныстары енеді.
Бағдарлама серіктестері қатарында:
- W Dubai Mina Seyahi;
- The Westin Dubai Mina Seyahi;
- Le Méridien Mina Seyahi Beach Resort & Waterpark;
- Meliá Desert Palm;
- IHG Hotels & Resorts;
- Careem;
- Hala бар.
Ұсынылған бонустар, егер жеке ұсыныста басқа мерзім көрсетілмесе, биыл 31 желтоқсанға дейін жарамды болады.
Бағдарламадағы шектеулер
Ұйымдастырушылар бірнеше шектеу енгізген.
Бір тұрғын бір уақытта ең көбі бес қонақты тіркей алады. Алайда бағдарлама әрекет ететін бүкіл кезеңде бір қатысушы ең көбі үш бонус пакетін ғана ала алады. Шақырылған адамдар саны көп болса да, бұдан артық бонус берілмейді.
Бір туристі бағдарламада тек бір рет тіркеуге болады. Егер оны басқа қатысушы бұрын тіркеген болса, кейінгі өтінім есепке алынбайды.
Сонымен қатар өтінімде көрсетілген топтағы кемінде бір адамның келуі қатысушының бонус алуына жеткілікті.
Нені білу маңызды?
Департамент өкілдері бағдарлама сапар шығындарын өтемейтінін тағы да еске салды.
Шақырылған азаматтар:
- әуе билетін;
- қонақүй шығындарын;
- көлік ақысын;
- визаны рәсімдеу мен басқа да қажетті құжаттарды
өз қаражаты есебінен төлейді.
Егер туристке елге кіруге немесе виза беруге рұқсат етілмесе, ведомство бұл үшін жауап бермейді.
Сонымен қатар барлық бонус серіктес компаниялардың мүмкіндігіне қарай ұсынылады. Ұйымдастырушылар кез келген уақытта қолжетімді ұсыныстар тізімін, бағдарлама талаптарын өзгертуге немесе бағдарламаны алдын ала ескертусіз тоқтатуға құқылы.


