«Дубайға конкурсқа апарамын»: Астанада бір топ ата-ананы алдаған ер адам ұсталды

0
92

​11 ата-ана зардап шеккен.


«Дубайға конкурсқа апарамын»: Астанада бір топ ата-ананы алдаған ер адам ұсталды

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

ERNUR.KZ. Астанада домбыра үйірмесіне қатысатын балалардың ата-аналары полицияға ұжымдық арызбен жүгінген. Алдын ала мәлімет бойынша 32 жастағы ер адам ата-аналардың сеніміне кіріп, балаларды конкурсқа қатысу үшін Дубайға апару жөнінде уәде берген. Осы сылтаумен түрлі мөлшерде ақша алған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Полицияның мәліметінше, ата-аналар балаларының шетелдегі байқауға қатысуына мүмкіндік жасау үшін ақша берген. Алайда кейін уәде етілген сапар орындалмай, соңында ата-аналар құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр болған.

Қазіргі таңда полиция ақша қаражатын алдау жолымен иемденудің 11 дерегін анықтаған.

«Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Сонымен қатар іске басқа да адамдардың қатысы бар-жоғы тексерілуде», - деп хабарлады ІІМ.

Полиция азаматтарды қандай да бір қызмет үшін ақша бермес бұрын сақ болуға шақырды. Құқық қорғау органдары ұсынылған ақпараттың растығын алдын ала тексеріп, құжаттар мен қызмет көрсету шарттарына мұқият назар аударуға кеңес береді.

Сондай-ақ полиция ресми құжаттармен расталмаған уәделерге сенбеуге шақырды. Әсіресе шетелге сапар, конкурс немесе басқа да іс-шараларды ұйымдастыру кезінде төлем жасамас бұрын оның нақты шарттарын тексеру маңызды.

Күмәнді жағдай туындаған немесе қызмет көрсетушінің сенімділігіне қатысты күмән болған жағдайда полицияға «102» нөмірі арқылы хабарласу қажет.