Дүкендердегі әлеуметтік маңызды тауарларға ретро-бонустарды қолдануға тыйым салынбақ

0
1 167

Бұл туралы Парламент Мәжілісінде тілшілерге ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті


Дүкендердегі әлеуметтік маңызды тауарларға ретро-бонустарды қолдануға тыйым салынбақ

ERNUR.KZ. Қазақстандағы сауда орындарында әлеуметтік маңызы бар тауарларға ретро-бонустарды қолдануға тыйым салынады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде тілшілерге ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Осыған дейін өткен Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы туралы баяндаған болатынбыз. Осы орайда біздің заң әзірлеу жұмысымыз аясында тиісті заң жобасына бастамашылық еттік. Құжат аясында сауда желілерімен ретро-бонустарды қолдануға тыйым салу ескерілген», - деді министр. Бұл тұрғыда Тимур Сүлейменов ретро-бонусқа қатысты түсінік берді.

«Келісімшарт бекітілгеннен кейін, осыған сәйкес тауар сауда желісінде сатылады. Осы орайда кәсіпкер тауардың өткізілгені үшін өнімнің тиісті пайыздық сомасын дүкенге береді. Бір жағынан бұл жақсы тәжірибе, яғни дүкен тауардың өтімділігін жақсарту үшін, оны жақсы көрінетін сөрелерге қояды. Алайда басқа жағынан алып қарағанда, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша баға жүктемесі тұтынушыға әсер етеді. Сондықтан да біз Сауда кәсіпорындары қауымдастығымен бұл мәселені қарастырған болтынбыз. Сәйкесінше, олар біздің ұсынысқа қолдау білдіріп, әлеуметтік маңызы бар 19 тауар бойынша ретро-бонустар қолданылмайды», - деді ведомство басшысы.

Бұл тұрғыда Тимур Сүлейменов тиісті заң жобасы осы аптада Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілетінін, сондай-ақ жыл соңына дейін құжат қабылдануы мүмкін екенін атап өтті. Осыған дейін Тимур Сүлейменов мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің даму қарқыны туралы мәліметтерді жариялады.