Оқиға биыл 23 наурыз күні Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында болды.
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
ERNUR.KZ. Төркініне емделуге келіп, ұл мен қызын тұншықтырып өлтірген 29 жастағы келіншек мәжбүрлі түрде ем қабылдауын жалғастырады. Бүгін сот үкім шығарды, деп жазады inform.kz.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 29 жастағы келіншекке қатысты сот отырысы жалғасты. Бүгін басты сот талқылауында күйеуі, әкесі мен ағасы мән-жайды айтып берді. Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігі бойынша айыпталған әйел бір кездері мектепті үздік аяқтап, колледжді, кейін екі жоғары оқу орнын үздік дипломмен тәмамдаған. Сонымен бірге спортпен шұғылданып, таэквондодан облыс жеңімпазы да болған. Тұрмысқа шыққан соң Атыраудың Сағыз ауылда тұрып, сонда екі балалы болды. Екі баласында де кесір тілігімен босанып, түрлі ем қабылдаған.
— Қызымды үйге әкеліп, имамға, дәрігерге қараттым. Ол емнен соң тыныш ұйықтады. Кейін мен жұмысқа кеттім. Сол кезде телефон арқылы хабарласып отыратын едім. Мазасыз күйін естігенде дәрісін ішкізу керек екенін айттым. Содан екі сағат мазаламадым. Сол аралықта өзі қоңырау шалып, «балаларды тұншықтырып тастадым» деді. Біреуді кінәлай алмаймыз, — деді сотталушының әкесі.
Сот отырысында сот сараптамасы да оқылды. Онда оқиға болған күні сотталушының ақыл-есін білмегені туралы айтылған.
— Паранойдты шизофрения ағымның басқа түрі, тұрақты суицидтік тенденциялары бар депрессиялық паранойдты синдром түріндегі созылмалы психикалық бұзылысқа шалдыққан. Өзіне және қоғамға қауіптіліктің клиникалық және психопатологиялық факторлары анықталады. Сол себепті жіті бақыланатын мамандандырылған психиатриялық ауруханаға мәжбүрлі түрде емдеуге ұсынады. Өзінің іс-әрекеттерін ұғыну және оларды басқару, толық көлемде жауап беру қаблетінен айырылған. Өз іс-әрекеттеріне жауап беріп, оларды басқара алмайды, — деп оқыды судья Нұрлан Бақтығалиев.
Сотталушы Қылмыстық кодекстің 99-бабы 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты есі дұрыс емес күйде жасағаны үшін қылмыстық жауаптан босатылды.
Сонымен бірге Қылмыстық кодекстің 93-бабы 1-бөлігі 2-тармағына сәйкес жіті бақыланатын мамандандырылған түріндегі пситиатриялық ауруханада мәжбүрлеп емдеу тағайындалды.
Айта кетейік, оқиға биыл 23 наурыз күні Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында болды. 29 жастағы әйел 2022 жылғы ұлы мен 2024 жылғы қызын тұншықтырып өлтірген.