Екібастұздағы балабақшалардың бірінде бүлдіршіннің қолы сынып, жарақат алды

0
91

Бұл оқиғаға кім кінәлі?


Екібастұздағы балабақшалардың бірінде бүлдіршіннің қолы сынып, жарақат алды

Фото: бейнежазбадан скриншот

ERNUR.KZ. Екібастұз қаласындағы №7 балабақшада оқыс оқиға орын алды. 2019 жылы туған бала үйіне ауруханадан қайтты, деп жазады inbusiness.kz.

Бейнебақылау камераларындағы жазбаға сәйкес, 16 сәуір күні ойын кезінде бір топ бала әлгі алты жасар ұлдың үстіне құлайды. Дәрігерлер оның сол жақ иық сүйегі сынғанын анықтап, балаға гипс салды.

Әкесі Самат Атығаевтың сөзінше, сол күні бірден е-өтініш жүйесі арқылы білім бөлімі мен полиция бөліміне жүгініп, шағымын білдірген. Алайда арада бір апта уақыт өтсе де құзырлы органдар кінәлі адамды анықтап, жауапқа тартқан жоқ дейді.

"Баланың қолы сынып, қазір гипспен жүр. Арада бірнеше күн өтсе де менің өтінішіме жауап жоқ. Бұл істің мән-жайын анықтап, кінәлілер жауапқа тартылса деймін", - деді ол әлеуметтік желіге жүктеген видеоүндеуінде.

Жергілікті полиция бөлімі аталған оқиғаның орын алғанын растады. Бірақ тексеріс нәтижесінде оны жазатайым жағдай деп санап, ешбір қылмыстық құрамның болмағанын алға тартады. Білім бөлімі де өз тексерісін жүргізіп, тек балабақша басшылығының ақпараттандыру жағынан олқы тұсты анықтаған. Дәлірек айтқанда, тәрбиеші балаға алғашқы көмек көрсеткенімен, өзінің басшылығына орын алған жайт туралы тек 40 минуттан соң хабарлаған.

Нәтижесінде комиссия бұл толығымен жазатайым оқиға деген байламға келді. Тәрбиеші, медициналық қызметкер, әдіскер мен балабақша басшылығына қатысты тәртіптік шара қолданылды.