Бұл жұмыстарға жеке компаниялар да үлес қосуда.
Дүниежүзі халқын елең-алаң еткізіп жатқан экологиялық мәселелер Қазақстанда да баршылық. Олардың бірі ондаған жыл бойы өзектілігін жоймай келе жатса, тағы бірі енді ғана пайда болып жатыр. Сол себепті мемлекет билігі бұл проблемалардың ешқайсысына бейжай қарамай, күн тәртібіндегі проблемаларды реттеудің түрлі әдіс-тәсілдерін қолдануда. Тіпті жеке компаниялар мен инвесторлар да аталған салаға үлес қосып келеді.
Арал қасіреті
Айталық, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, суы тартылған Арал теңізінің құрғап қалған ұлтанына ағаш көшеттерін егі жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл жұмыстарға жоғарыда атап өткеніміздей жеке компаниялар да үлес қосуда.
Атап айтқанда, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі франциялық Министрлік «Orano Mining SA» бірлестігіменғ Отандық «Қазатомөнеркәсіп» акционерлік қоғамымен және Қызылорда облысы мен Түркістан өңірінің бірлескен компаниясы «КАТКО-мен» келісімге келді. Соның ішінде КАТКО компаниясы өткен жылдың өзінде қаржы бөліп, Аралдың жеріндегі жұмыстар ертерек бастау алды. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын таппақ. Жалпы, бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмыстар нәтижесінде 522 тонна тұқым жинақталып, былтыр 12 мың гектар аумаққа тұқым егілген. Ал биылғы жылдың басында 100 мың гектардан аса жерге егілді. Айта кетсек, бұл бастама Арал өңірінің экологиялық ахуалын тұрақтандырып, жергілікті климатты өмір сүруге мейілінше жайлы ету мақсатында іске асырылып жатыр.
Зиянды шығарындылар жайы
Мемлекет билігі атмосфераға тарайтын зиянды қалдықтарды назардан тыс қалдырған емес. Осы ретте жыл басында «Қазақстандағы метан шығарындыларын реттеу» леген тақырыппен ауқымды мәжіліс өткізілді. Оны Clean Air Task Force пен Халықаралық энергетикалық агенттік ұйымдастырды. Іс-шараға Президент әкімшілігінің, бірнеше министрліктің өкілдері мен өндіріс саласының өкілдері қатысты. Ауқымды жиында негізінен метан қалдықтарының атмосфераға тигізетін кері әсерін жою, аталған проблемаға бақылау жүргізу, талаптарды орындамаған тарапқа көрілетін шараларды пысықтау, табиғатқа тиетін зиянның алдын алатын озық жабдықтарды және тәжірибелерді қолданысқа енгізу мәселелеріне басымдық берілді. Одан бөлек халықаралық ұйымдар мен бизнес саласының өкілдері табиғи проблемаларды шешу жолдары жөніндегі пікірлерін ортаға салып, ынтымақтастық жайы сараланды.
Қазақстанда Өңірлік климаттық саммит өте ме?
Естеріңізге болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Біріккен ұлттар ұйымы Бас Ассамблеясының жетпіс сегізінші сессиясында 2026 жылы Өңірлік климаттық саммитті ұйымдастыру жөнінде бастама көтерген еді. Осы орайда ақпан айында Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрі Біріккен ұлттар ұйымы және Біріккен ұлттар ұйымы Даму бағдарламасының өкілдерімен жүздесті. Сол кездесуде аталған ұйымның еліміздегі өкілдігі Президенттің бастамасын қолдайтындығын жеткізді. Оның айтуынша, бұл саммит өңірлік ынтымақтастықты нығайтудың бір жолы және Орта Азиядағы климат мәселелерін реттеуге ықпал ететін іс-шара. Расында, мұндай саммит мәселелерді талқыға салатын алаң ғана емес, тың тәжірибелер жинақтайтын мүмкіндік әрі саяси шешімдерге әсер ететін басқосу болмақ.
Министрліктің мәнді әрекеті
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстанның «Париж келісімінде» белгіленген міндеттері шеңберінде 2035 жылға дейін «Ұлттық деңгейде айқындалатын үлес» жобасының жаңартылған түрін әзірлеуі тиіс. Тиісінше ведомство бұл жұмыстарды тоқтаусыз жүргізіп жатыр. Себебі, бұл жоба елімізді тұрақты түрде өркендету және климаттағы баршаға ортақ проблемаларды шешу үшін зор маңыздылыққа ие. Өз кезегінде бұл жобаны әзірлеуге NDCP, UNDP, UNITAR, UNICEF, FAO, GIZ және ССАС сынды халықаралық ұйымдар жәрдемдесетін болады. Сонымен қатар, министрліктің мәлімдемесіне сүйенсек, бұл жоба құзырлы органдармен, бизнес саласының өкілдерімен, ғалымдармен және мүдделестермен біріге даярланады.
Каспий форумында не айтылды?
Ақпан айында Тегеранда Каспий теңізінің маңында орналасқан бес елдің өкілдері бас қосты. Бұл экономикалық форумда көлік, сауда, туризм, тарнспорт, банк салаларымен қатар экология және денсаулық сақтау салалары да қамтылды. Сәйкесінше, Каспий маңында орналасқан елдердегі туризм, денсаулық пен экология талқыланған сессияда ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі баяндама жасап,қоршаған ортаны қорғау бағытындағы қарым-қатынасты нығайту, Каспий суының тартылуының алдын алу сынды мәселелерді сөз етті. Вице-министр соңғы жылдары әсіресе Қазақстандағы климат қатты өзгеріп, табиғат пен елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына кері әсер етіп жатқанын айтты. Ал бұл проблеманы шешу үшін теңіз маңындағы барлық ел күш біріктіруі тиіс.
Ресми деректерге сүйенсек, қазір уақытта Каспий теңізінің деңгейі көп өзгеріске ұшырау үстінде. Соңғы 20 жылға жуық уақыт ішінде су айдынының деңгейі 2 метрге тарта төмендеген екен.
Осыған орай, елімізде Каспий теңізінің мәселелерін зерделеу мақсатында ғылыми институт та ашылған. Алдағы уақытта өзге де елдердің ғалымдарымен біріге жұмыс жүргізу жоспарланып отыр.
Ерекше қорғалатын аймақтар
Қазақстанда ерекше режимде қорғауға алынған аймақтар бар. Жыл басындағы деректерге сәйкес, қазір мұндай аймақтардың жалпы көлемі 30 миллион гектардан асып жығылады. Олар – Қаратау және Үстірт қорықтары мен Іле Балқаш және Ақжайық резерваттары. Алдағы уақытта осы аймақтардың көлемі ұлғайтылып, ел аумағында тағы алты ерекше аймақ құрылмақ.
Бұл аймақтардың ерекшелігі сол, мұнда сирек кездесетін жан-жануар түрлері өмір сүреді. Соның арқасында азайып бара жатқан бірнеше түрдің саны көбейген. Одан бөлек, бұл аймақтарда ерекше жобалар қолға алынып, өзге елдерден жолбарыс, жылқы сынды жануарлардың көп кездесе бермейтін түрлері әкелініп жатыр.
Экотуризм дамып жатыр ма?
Қазақстанда экологиялық туризм саласын дамытуға да ерекше басымдық берілген. Сәйкесінше, бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі де жаман емес. Олай дейтініміз, ресми деректерге сәйкес, алдыңғы жылы еліміздегі ұлттық парктерге келушілер саны 2 миллион 400 мың адамды құраса, былтыр бұл көрсеткіш 400 мың адамға артқан. Екіншіден, ұлттық парктер аумағындағы инфрақұрылым жыл сайын жетілдіріліп келеді. Атап өтер болсақ, соңғы есеп бойынша ұлттық саябақтарда 120-дан астам туристік маршрут жұмыс істеп жатыр екен. Одан бөлек отыздан астам соқпақ пен жаңадан салынған визит орталықтар қызмет көрсетуде. Парктер аумағындағы өткізу бекеттері де автоматтандырылып жатыр.
TazaQazBot деген не?
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі еліміздегі экологиялық ахуалды түзету жұмыстарына заманауи технологиялар мен тәжірибелерді де енгізіп жатыр. Соның бірі де бірегейі – Телеграм желісінен ашылған @TazaQazBot ақпараттық чаты. Өткен жылдан бастап іске қосылған чат-бот бүгінде сұранысы мол әрі қоғамға пайдасы көп жобаға айналып үлгерді. Оны қолдану да қиындық тудырмайды. Бар болғаны чатқа кіріп, тазалық жүргізу қажеттілігі туындаған жердің мекен жайы мен суреттерін жүктейсіз. Сосын сіздің өтінішіңіз жауапты мекемелерге жіберіліп, өтінішті қанағаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Тазалық жұмыстары атқарылған соң орындаушылар есеп береді. Бұл чатта тазалық жұмыстарынан бөлек, экологиялық проблемаларға қатысты жиырма санат бар. Осылайша азаматтар әп сәтте экологиялық мәселені жауаптыларға жеткізіп, кедергілер қысқа ғана уақыт ішінде жойылады.
Өткен жылы атқарылған жұмыстардың талдау нәтижелеріне сүйенсек, өтініштердің басым бөлігі аумақты реттеу, қоқыс шығару, көше тазалау және жол жөндеуге қатысты болған. Жалпы 14 мыңнан астам өтініштің 13 мыңнан астамы орындалған екен.
Осы орайда еліміздің барлық аумағында іске асырлып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасы да көптеген экологиялық проблеманы шешуге және алдын алуға септігін тигізіп жатыр деп айта аламыз.
Б.Мейірханұлы,