Ел азаматтары тегін берілетін 10 сотық жерді енді ұнаған өңірден ала алады

0
889

​Еліміздің кәмелет жасына толған әр азаматы мемлекеттен тегін 10 сотық жер алу мүмкіндігіне ие. Бірақ бұл бағдарлама бұрындары әркімнің өзі тұратын жердегі әкімдік арқылы жүзеге асты. Қағаз жүзінде өтініш тапсыру әрі сол өңірден ғана таңдау мүмкіндігі берілді.


Ел азаматтары тегін берілетін 10 сотық жерді енді ұнаған өңірден ала алады

ERNUR.KZ. Енді бұл жүйе толықтай электрондық әдіске көшіріліп отыр, деп жазады exk.kz.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін беру және алуға кезеккке тұрғандардың бірыңғай тізілімі жасалған. Осы арқылы әр қазақстандыққа тегін 10 сотық жер жүйесі бір жүйеге қойылып отыр. Оның ерекшелігі — өтініш толық eGov.kz арқылы жүргізіледі. Әрі таңдау құқығы да жеңілдетілген.

"Әкімдіктер берген тізімді біз цифрландырып, электрондық форматқа ауыстырдық. Жер теліміне кезекті цифрландыру — сыбайлас жемқорлықты жою және жерді игеру үдерісінде жасалған үлкен ілгері қадам. Енді кәмелет жасына толған әрбір қазақстандық үйден шықпай-ақ, 10 сотық жерге eGov.kz арқылы өтініш бере алады. Тағы бір жаңашылдық — енді таңдаған аймақтың әкімдігіне бармай-ақ, еліміздің кез келген өңірінен жер телімін алу үшін өтініш беруге болады", — деп түсіндірген вице-министр Әсет Тұрысов.

Жаңа жүйенің арқасында 10 сотық жерді алу процесі барынша ашық болмақ. Әрі өтініш беру небәрі 5 минут уақытыңызды алады. Қызметті пайдалану үшін eGov.kz порталына кіріп "Жылжымайтын мүлік" — "Жер қатынастары" бөлімінен "Жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін (10 сотық жер) алуға кезекті қарау немесе кезекке тұру" қызметін таңдау қажет. Әрі қарай өтініш түрін таңдайсыз. Бүгінде порталда өтініштің үш түрі бар:

• кезекке қою;

• деректерді өзектендіру;

• кезектен шығару.

Егер сіз жер учаскесін алу үшін кезекке алғаш рет өтініш білдіріп тұрсаңыз, онда өзіңіз жер алғыңыз келетін аймақты таңдайсыз. Егер бұдан бұрын жер кезегіне тұрған болсаңыз, бірақ ол туралы ақпарат таппасаңыз, онда "Өзектендіру" өтініш түрін таңдауыңыз қажет. Кезек алғаныңызды растау үшін қолыңызда бар құжатты (талонның скан-нұсқасы, өтініштің, жеке куәліктің және т.б. көшірмелері) жүктейсіз. Сондай-ақ кезек ретін www.map.gov4c.kz/egkn сайтында ЭЦҚ арқылы авторизациядан өтіп, бақылап отыруға болады.

Айта кетейік, бұрындары жер телімін алу кезегіне тұру үшін азаматтар әкімдіктерге қағаз жүзінде өтініш тапсыратын. Онда кезек ретінің дұрыс жүргізілмеу қауіпі болды. Ол кезде кезекке тұру процесі 12 күн уақыт алатын. Бұл өтініштер 16 жыл бойы аудан, қала, облыс деңгейінде бөлек-бөлек сақталды.