Ел балабақшалары жанынан 6 мыңға жуық кеңес беру пунктілері жұмыс жасай бастады

0
85

​Елімізде балаларды ерте жастан дамыту, сапалы тәрбие мен білім беру мақсатында бірқатар бағдарлама мен жобалар жүзеге асырылуда.


Ел балабақшалары жанынан 6 мыңға жуық кеңес беру пунктілері жұмыс жасай бастады

ERNUR.KZ. Мемлекеттік тілді тереңдетіп үйретуге бағытталған «Тілге бойлау» жобасы өткен жылы 5 өңірде –Ақмола, Қарағанды, Қостанай, СҚО облыстары мен Астана қаласының 135 балабақшада сынақтан өтіп, биылдан бастап жаппай енгізілуде. Бұл жайлы ҚР оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Балалары балабақшаға бармайтын ата-аналарға әдістемелік көмек көрсету мақсатында елімізде балабақша жанынан 6 мыңға жуық кеңес беру пунктілері жұмыс жасай бастады, қазіргі уақытта 60 мыңнан астам ата-ана көмек алды.

«Сондай-ақ ата-аналарға арналған «Беске дейін үлгер» мобильді қосымшасы жасалды. Үй жағдайында баланың жасына сәйкес контент таңдауға арналған ойын – жаттығулар, кеңестері бар қосымшаны 80 мыңға жуық ата-ана жүктеген. Мектепалды даярлықпен қамтылмаған балалар үшін жазғы кезеңде жыл сайын шамамен 100 мың бала мектептер жанынан, ата-аналардың қажеттілігін ескере отырып, мектепалды даярлықтың қысқа мерзімді бағдарламасын іске асыратын «Балақайлар мектебі» ұйымдастырылуда. Оның ішінде ауылдық жердегі 31 700 бала қамтылды», – деді спикер.

Биылдан бастап 100 мектепке дейінгі ұйымда «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» пилоттық жобасы басталды.

Балабақша мен бастауыш сынып арасында сабақтастықты орнату мақсатында Мектеп жасына дейінгі баланы дамытудың жеке картасы Ұлттық білім беру дерекқоры базасы арқылы 1-сынып мұғалімі үшін қолжетімді болды.

Өңірлерде экологиялық жобалар іске асырылуда, оның ішінде экологиялық бағыттағы 190-ға жуық «Жасыл балабақша» жұмыс істейді. Мақсаты – тәрбиеленушілердің экологиялық мәдениетінің деңгейін арттыру, тұрғылықты жері бойынша экологиялық қауіпсіздікті сақтау болып табылады. Өңірлерде балабақшаның үздік педагогикалық тәжірибесін, «Жасыл балабақшалардың» жетістіктерін зерделеу және тарату бойынша жұмыс жүргізілуде.

«Адал азамат» бағдарламасының мақсат-міндеттері – күнделікті тәрбиелеу – білім беру процесінде ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді насихаттау, ұлттық мәдениетке, ойындарға, ауызша халық шығармашылығы шығармаларына, қазақ тілін үйренуге қызығушылықты арттыру; көркем әдебиет шығармаларына қызығушылықты қалыптастыру, туған жерге, елге, табиғатқа деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеу, экологиялық мәдениет, қамқорлық, экологиялық сауаттылықтың қарапайым дағдылары мен дағдыларын қалыптастыру арқылы жүзеге асырылады.