Бүгінде, ХХІ ғасырдың екінші онжылдығының соңында, Қазақстан бүкіл әлемге қалыптасқан әрі жарқын болашаққа ұмтылған мемлекет ретінде танылды.
ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Кеңсесінің Басшысы Махмұт Қасымбеков «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Жасампаздық дәуірі» мақаласында Нұрсұлтан Назарбаевтың концептуалды моделінің «алты алтын ережесін» ажыратып көрсетеді. Оның аясында Елбасының бүкіл маңызды жетістіктері, аса ауқымды жұмыстары және жаңа жаһандық әлемдегі қуатты әрі бәсекеге қабілетті Қазақстанды құру жөніндегі зор күш-жігері айқын көрінеді. «Алты алтын ереженің» алғашқысы ретінде автор Қайта жаңғырған мемлекеттілікті атап өтеді, деп жазады ҚазАқпарат.
«Бүгінде, ХХІ ғасырдың екінші онжылдығының соңында, Қазақстан бүкіл әлемге қалыптасқан әрі жарқын болашаққа ұмтылған мемлекет ретінде танылды. Еліміздің өскелең ұрпағы осы жағдайды тарихи оқиға және берік болмыс ретінде қабылдайды. Бұл - негізінен әділетті. Бірақ біз тәуелсіздігіміздің бастауында кім тұрғанын және қалыптасудың аса маңызды жылдары оның темірқазығы кім болғанын әрдайым есте сақтауымыз қажет. Кезінде алып «қызыл империяның» «жарықшақтарының» бірі болған Қазақстан бірте-бірте мықты өңірлік державаға айналды», - дейді Махмұт Қасымбеков.
Оның айтуынша, еліміз Нұрсұлтан Назарбаевтың аса көреген басшылығының арқасында өзінің даму жолын айқындап, қайталанбас ұлттық бірегейлікке қол жеткізу үшін күрделі кезеңді бастан кешіргенін ұмытпауымыз керек. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында жаңа егеменді еліміздің негізін қалау және экономиканың тиімді нарықтық үлгісін қалыптастыру барысында күрделі әрі жаппай етек алған көптеген проблемаларға тап болдық. Халқымыздың көпшілігі не істерін білмеді. Әлеуметтік сала тоқырап қалды. Ал халықаралық деңгейде бізді терра инкогнито деп қабылдады.
«Еліміздегі ауыр әлеуметтік-экономикалық дағдарыс және қоғамдық сананы сапырылыстырған өзгерістер жас мемлекетіміздің болашағына қатысты көптеген пессимистік пікірлердің таралуына әкеп соқтырды. Бәріміз үшін сындарлы болған осы кезеңде тәуелсіз Қазақстанның бас архитекторына әрі идеялық тұрғыдан дем берушісіне айналған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың зор саяси таланты мен тұлғалық қасиеті тарих сахнасында айқын көрінді», - делінген мақалада.
Автордың пікірінше, аз ғана уақыттың ішінде Елбасы ежелгі Ұлы даланың қуатты державаларының тарихи-мәдени мұрагері саналатын жаңа мемлекеттің базалық негіздерінің бәрін айқындап, біртіндеп нақты іске асырды. Ең алдымен, Тұңғыш Президентіміздің күш-жігері еліміздің ұйымдастырушылық-құқықтық негіздерін, институционалдық құрылысты, қауіпсіздік пен халықаралық қатынастарды нығайтуға, қаржылық-экономикалық егемендігімізді қамтамасыз етуге және ұлттық бірлік пен келісімге негізделген идеологияны қалыптастыруға жұмылдырылды.
«1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы бұл бағыттағы алғашқы қадам болды. Бірақ осы құжаттың зор тарихи маңыздылығына қарамастан, тәуелсіз Қазақстанның нақты тарихы 1991 жылғы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» заң қабылдаған сәттен басталады. Аталған заң мемлекет дамуының алғашқы кезеңін Конституция деңгейінде ресімдеп, еліміздің халықаралық құқықтық нормаларды құрметтейтінін көрсетіп, сыртқы саясаттағы дербестігін бекітті. Осы негіз қалаушы заңнамалық актінің арқасында ұлттық қауіпсіздік жүйесін құрып, өзіндік қаржы, салық және кедендік саясатымызды қалыптастырдық. Сонымен қатар бұл елімізді қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан кешенді жаңғырту үшін сенімді база әрі үйлесімді құқықтық мемлекет құру үшін мықты негіз болды. Жас республикамыздың егемендігін заңды түрде ресімдеп, институционалдық тұрғыдан нығайту үдерісінің мәні зор еді. Әсіресе өзіміздің ұлттық рәміздерімізді анықтап, оны азаматтарымызға және бүкіл әлемге таныстыру аса қажет болды», - дейді М.Қасымбеков.
Бұл қадамның бүкіл идеологиялық маңызын түсінген Тұңғыш Президент Қазақстанның ресми Туын, Елтаңбасын, Әнұранын әзірлеуге тікелей өзі атсалысты. Күрделі шығармашылық үдеріс 1992 жылғы 4 маусымда аяқталды. Осы күн жаңа Мемлекеттік рәміздер күні ретінде белгіленді. Шамамен 15 жылдан кейін еліміздің Әнұранының жаңа нұсқасы мақұлданды. Әнұран мәтіні авторларының бірі - Нұрсұлтан Назарбаев.
«Егемендіктің маңызды визуалды-рәміздік атрибутының бірі саналатын ұлттық валюта 1993 жылы қарашада енгізілді. Қазақстан теңгесі еліміздің экономикалық дербестігін айтарлықтай күшейтті және қаржы жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етті. Сондай-ақ тәуелсіз мемлекеттің негізгі атрибуты - халықаралық деңгейде мойындалған аумағымыз. Көптеген дала империяларының тарихында шекара түсінігі көбінесе шартты ұғым болатын және ресми құжаттарда сирек белгіленетін. Ал дамыған жаһандық институттар мен қазіргі заманғы халықаралық құқық жағдайында «әлемдегі тоғызыншы аумақтың» мемлекеттік шекарасының заңды түрде ресімделуі жас республика үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды болды, сондай-ақ Қазақстанның сыртқы саяси қызметінің мәні зор басымдығына айналды», деп жазады М.Қасымбеков.
Еліміздің құрлықтағы мемлекеттік шекарасының ұзындығы - 13 400 шақырым. Құрлықтағы шекараны делимитациялау үдерісі қысқа мерзім ішінде, 1992-2005 жылдар аралығында жүзеге асырылды. Каспий теңізі арқылы өтетін шекарамыз 2018 жылы Ақтау қаласында шекара маңы елдерінің тиісті құқықтық Конвенцияға қол қоюымен түбегейлі орнатылып, бекітілді. Енді мемлекеттік шекарамыздың бүкіл периметрі бойынша көршілес елдермен арамызда даулы және шешілмеген мәселе жоқ. Шекараның тұтастығы көпжақты және екіжақты келісімдер жүйесі арқылы қамтамасыз етіліп, кепілдік беріледі.
«Қазақстан өз тарихында алғаш рет заңды түрде ресімделген және халықаралық деңгейде мойындалған мемлекеттік шекараға ие болды. Жаһандық геостратегиялық белгісіздік және түрлі елдер арасындағы шекара мәселесіне қатысты қақтығыстардың өршуі жағдайын ескерсек, бұл - Елбасының негізгі жетістіктерінің бірі. Елбасы дәйекті сыртқы саяси қызметпен қатар, мемлекеттік шекараны қорғау ісін күшейтіп, еліміздің аумақтық тұтастығын сақтау мәселесіне әрдайым айрықша көңіл бөлді. Осы стратегиялық міндетті қамтамасыз ету үшін 1992 жылы 7 мамырда Қазақстанның Тұңғыш Президентінің Жарлығымен республикамыздың егемендігінің сенімді кепілі саналатын өз Қарулы Күштеріміз құрылды», - дейді автор.
Махмұт Қасымбековтің пікірінше, жас мемлекеттің іргетасы енді қаланып жатқан алғашқы жылдары Нұрсұлтан Назарбаев қысқа мерзімде өте маңызды жүздеген заң жобаларын әзірлеп, бекітті.
Бұл қоғамның барлық саласында ауқымды реформаларды уақтылы жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Жалпы, тәуелсіздік жылдары Тұңғыш Президентіміз үш мыңға жуық заңға және жеті мыңдай жарлыққа қол қойды.
«1995 жылғы 30 тамызда өткен республикалық референдумда Ата Заңның жаңа нұсқасының қабылдануы мемлекетті құрудың бастапқы кезеңіндегі ерекше маңызды оқиға болды. Бұл құжат елімізді жан-жақты жаңғырту үшін берік негіз қалады. Жаңа Конституцияда «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат құндылықтары - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Сондай-ақ «Қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм» Конституцияда бекітілген Қазақстан Республикасы қызметінің түбегейлі принциптері ретінде танылды. Тұрмыс салтының түбегейлі өзгеруінің кез келген көріністері жұртшылықтың заңды қарсылығын туғызары анық. Бұл көбінесе наразылықтың ең радикалды түріне айналуы мүмкін. Саяси оппоненттердің бітіспес қақтығыстарын, радикалдардың қырғи-қабақ тартысын, тіпті кей жерлерде бір-бірін өлтіруге дейін баратын мағынасыз әрі нәтижесіз азамат соғысын бастан өткерген посткеңестік елдердің көбінде осылай болды», - дейді ол.
«Бақытымызға қарай, ескі кеңестік тоталитарлық жүйенің қалдығы және плюралистік қоғам мен нарықтық экономикаға көшу ісі трагедиялық катаклизмге ұрындырған жоқ. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің саяси кемелдігі мен мемлекет ісіндегі даналығы кейбір көршілес елдердегідей келеңсіз жағдайларды болдырмай, үйлесімді әрі жалпыұлттық келісім мен бірліктің нақты үлгісін қалыптастыруға мүмкіндік берді», - деп атап өткен мақала авторы.
Оның ойынша, кез келген қоғам жақсы мотивация мен пәрменді жұмылдырушы бастамаға зәру. Осыған орай Елбасы мәдениет пен дәстүрді жаңғырту және қазақ тілін жан-жақты дамыту мәселесін мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының біріне айналдырды. Осы жылдары ұмытылған көптеген тарихи тұлғалар ақталып, қасіретті оқиғалардың әділ бағасы берілді. Еліміздің барлық өңірінде жүздеген еске алу шаралары мен салтанатты мерейтойлар өткізілді. Мұның бәрі халықтың патриоттық рухын біртіндеп күшейтті және қоғамдағы ұлттық дүниетанымның нығаюына септігін тигізді.
«Дегенмен, рухты көтеретін бастамалардың ішіндегі айрықша жоба - Астана қаласы. 1990-жылдардың ортасында ауыр әлеуметтік-экономикалық дағдарыс пен үлкен саяси өзгеріс кезеңінде Нұрсұлтан Назарбаев елорданы Алматыдан Ақмолаға - мемлекеттің географиялық орталығына көшіру идеясын ұсынды. Оның ақылға қонымдылығы мен символдық мәнін, әсіресе еліміздің дамуына жол ашатын перспективасын сол кезде санаулы-ақ адам пайымдай білді. Елбасының саяси ерік-жігері мен көрегендігінің арқасында Қазақстан кез келген мемлекеттің шамасы жете бермейтін осынау зор жобаны табысты жүзеге асырды. Аз ғана уақыттың ішінде Астана еліміздің ғана емес, сондай-ақ бүкіл өңірдің шын мәніндегі саяси, экономикалық, мәдениет және білім орталығына айналды. Жаңа елорда Еуропа мен Азияның тоғысқан жерінде орналасқан қолайлы географиялық артықшылықты тиімді пайдалануға мүмкіндік берді. Ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күші болды. Сондай-ақ жұртшылықты жұмылдыратын қуатты орталыққа айналып, көптеген ауқымды бағдарламалар мен маңызды бастамаларды байланыстыратын дәнекер қызметін атқаруда. Бұл мақаланың форматы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тарихи оқиғалардың бәрін толық қамтуға мүмкіндік бермейді. Дегенмен, ең бастысы: Нұрсұлтан Назарбаев бастаған Қазақстан халқы қысқа мерзімде жаңғырған мемлекеттің берік іргетасын қалады. Әлем картасында жаңа тәуелсіз ел - Қазақстан Республикасы пайда болды! Қол жеткізген жетістіктеріміздің бәрі қуатты мемлекеттіліктің, жұдырықтай жұмылған жұртымыздың және мықты көшбасшының арқасында жүзеге асты», - дейді М.Қасымбеков.