Елбасына хат жазған ҚазМЗУ түлегіне партия билеті тапсырылды

0
920

Билетті Бауыржан Байбек табыстады.


Елбасына хат жазған ҚазМЗУ түлегіне партия билеті тапсырылды

ERNUR.KZ. «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Қазақ мемлекеттік заң университетінің жаңа коворкинг орталығын аралап көрді. Сондай-ақ ол «Adal bilim» жобасы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жобаларымен танысты, деп жазады ҚазАқпарат.

Оқу орнының ректоры Талғат Нәрікбаевтың айтуынша, бүгінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету масқатында университеттің барлық қызметтері онлайн түрде қолжетімді.

«2014 жылы біз студенттер «бір терезе» қағидатымен қызмет ала алатын орталық ашқан едік. Қазіргі уақытта біз одан ары да ілгерілеп, қызметтерді электронды форматта көрсетеміз. Соған орай әкімшілік шығыстар да қысқарып, жаңа алаңдар босады. Ол жерде заманауи коворкинг орталығын жасадық. Мобильді қосымша да әзірледік. Оның көмегімен студент жатақханаға өтінім беріп, оқу құнын есептеп шығара алады және эдвайзерге кеңес алуға жазылады», - деді оқу орнының басшысы.

Бауыржан Байбек жастармен кездесу барысында «Nur Otan» партиясының көшбасшысы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен партияны жүйелі жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының жүзеге асырылу барысы жайында айтып берді. Сонымен қатар заң университетінің студенттерімен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы сот және құқық қорғау жүйесін реформалау, жемқорлықпен жүйелі күрес, азаматтардың құқықтарын қорғау және өзге де ұсыныстары талқыланды.

«Цифрландыру – бұл жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мен оны түп-тапырымен құртудың, ұсынылатын қызметтердің ашықтығы менсапасын арттыратын маңызды тетіктердің бірі. Университетте студенттерге оқытушыны таңдауға, жасырын түрде оған баға беруге барлық жағдай жасалған. Бұл өте маңызды. Себебі жастар белгілі бір шешімдер үшін жауапкершілікті түсінуі тиіс. Біз әсіресе жоғары оқу орындарындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимылға баса мән беріп отырмыз. Өйткені, егер адам жас кезінен әділетсіздікпен бетпе-бет келсе, онда оның өмірге деген теріс көзқарасы қалыптасады», - деді Бауыржан Байбек.

Кездесу соңында «Nur Otan» төрағасының бірінші орынбасары университет ректоры Талғат Нәрікбаев пен партия қатарына қосылғысы келетіндігін айтып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазған аталған ЖОО-ның түлегі Ерлан Төлегеновке партиялық билет табыс етті.