Солтүстік өңірлерге қоныс аударушыларға қолдау көрсету шаралары жетілдіріледі
ERNUR.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова солтүстік өңірлерге қоныс аударушыларға қолдау көрсету шаралары жетілдірілетіні туралы айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Жұмыс күші жетіспейтін солтүстік өңірлердің экономикасын қамтамасыз ету үшін жұмыс күші артық өңірлерден ерікті түрде қоныс аударуды ынталандыру шаралары қабылданып жатыр.2017-2018 жылдары 2,3 мың отбасы немесе 7,8 мың адам қоныс аударды. Еңбекке қабілетті жастағы қоныс аударушылардың 60 пайызынан астамы жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, министрлік тарапынан бағдарламаның іске асырылу тиімділігіне жүргізілген мониторинг оның тетіктерін жетілдіру және жергілікті атқарушы органдар тарапынан бақылауды күшейту қажет екенін анықтады. Мәселен, қысқа мерзімді кәсіптік курстарды аяқтағаннан кейін, жұмысқа орналастыру толық қамтамасыз етілмейді. Жаңа тұрғылықты жерге көшкен кезде тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі туындайды», - деді министр.
М. Әбілқасымованың сөзіне қарағанда, қолданыстағы құралдардың тиімділігі арттыру үшін министрлік бағдарламаға тиісті өзгерістерді дайындады.
«Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту міндетті түрде жұмысқа орналастыруға бағдарланатын болады. Оқу орындарына қойылатын талаптар күшейтіледі және еңбек нарығындағы сұранысқа қарай мамандықтар қайта қаралады. Онлайн оқыту мүмкіндігі көзделді. Ауылдарда якорлы кооперация бойынша жаңа құрал дамытыла бастайды, ол кредит алушылардың өз өнімін міндетті түрде сатуын қамтамасыз етеді», - деп нақтылады ведомство басшысы.
Оның атап өтуінше, қоныс аударушылардың мәселелерін кешенді түрде шешу үшін бағдарламаның және «Мәңгілік ел жастары - Индустрияға!» («Серпiн»-авт.) жобасының қоныс аударушыларды қолдау құралдары интеграцияланады. Тұрғын үй салу және сатып алу арқылы қоныс аударушыларды тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа тетігі әзірленуде. Механизм Солтүстік Қазақстан облысында қанатқақты апробациядан өткізіле бастады. «Ағымдағы жылғы қазанда бағдарламаға тиісті өзгерістер енгізу жоспарланған», - деп түйді Мәдина Әбілқасымова.