Олимп шыңын бағындырған Елдос Сметовке жерлестерінің атынан автокөлік мінгізіп (Haval М6), спортшының ата-анасы мен жеке бапкеріне құрмет көрсетті.
ERNUR.KZ. XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы Елдос Сметов 8 тамызда туған жері Т. Рысқұлов ауданына ат басын бұрып, жерлестерінің зор құрметі мен қошеметіне бөленді, деп жазады zakon.kz.
Жамбыл облысы әкімдігінің ақпаратынша, аудан жұртшылығы спорт саңлағын Құлан ауылының батыс қақпасынан сән-салтанатпен қарсы алды. Қонақтардың құрметіне ақ жаулықты әжелер шашу шашып, ұлттық нақышта киінген қыздар дәм ұсынды. М. Өзбеков атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары құландықтардың әнұранына айналған — "Келші, Құланға" әнін әуелете шырқады.
"Олимпиада чемпионын қарсы алу рәсімі көліктердің салтанатты шеруіне ұласты. Ауылдың атқа мінген жастары бұл бастаманың ортасынан табылып, шерудің ажарын ашты. Мерекелік кеш ауданның орталық алаңында жалғасты. Мұнда 2 мыңнан астам аудан тұрғыны Елдос Сметовті ыстық ықылас, зор қуанышпен күтіп алды",- делінген ақпаратта.
Бұған дейін олимпиаданың алтын жүлдегері Сметовке және оның жеке жаттықтырушысына пәтер мен автокөлік кілттері табысталған болатын.