Осы санаттағы қазақстандықтардың көпшілігі солтүстік және орталық өңірлерде тұрады.
ERNUR.KZ. Соңғы үш жылда Қазақстанда 65 жастан асқан жұмыс істейтін зейнеткерлердің саны 26,6 пайызға өсті, деп жазады ҚазАқпарат.
Ranking.kz порталының мәліметінше, 2022 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша әлі жұмыс істеп жүрген зейнеткерлердің саны 82,7 мың адамды құрады. Бұл жас санатындағы қызметкерлер саны бірден өскен уақыт 2020 жыл болды. Ол кезде жұмыс істейтін зейнеткерлер саны бірден 21,7 мыңға - 65,3 мыңнан 87 мың адамға жеткен. 2021-2022 жылдары көрсеткіш аздап төмендеген.
Дегенмен, бұл көрсеткіштер төмендетіліп көрсетілген болуы да мүмкін. ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының өңірлер бойынша мәліметтерін егжей-тегжейлі қарастырған кезде, ресми түрде, БҚО, Түркістан облысы, Астана және Шымкент қалаларында 65 жастан асқан жұмыс істейтін зейнеткерлер жоқ екені белгілі болды.
2022 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша, 65 жастан асқан жұмыс істейтін зейнеткерлер саны әр өңірде әр қилы. Негізгі үрдіс: осы санаттағы қазақстандықтардың көпшілігі солтүстік және орталық өңірлерде тұрады. Ресми ескерілгендердің жартысына жуығы (49 пайызы) Қостанай (20,9 мың адам) және Ақмола (20 мың адам) облыстарында. Сондай-ақ Қарағанды (9,4 мың адам), Павлодар (10,4 мың адам) және Солтүстік Қазақстан (10,8 мың адам) облыстарында да баршылық. Қалған өңірлерде көрсеткіштер айтарлықтай төмен. Ал ең аз Қызылорда және Маңғыстау облыстарында көрсеткіш сәйкесінше небәрі - 115 және 244 адам.
Осы жас санатындағы барлық жұмыс істейтін зейнеткерлердің 75 пайыздан астамы ауыл, орман және балық шаруашылығында (62,4 мың адам) жұмыс істейді. Экономикалық қызметтің барлық басқа түрлерінің көрсеткіштері олармен салыстырғанда аз. 4 пайызы қоймаларда немесе жүргізуші (3,6 мыңнан астам азамат) болып жұмыс істесе, 3 мың адам дәрігер мен басқа да медицина қызметкері болып жүр. 2019 жылғы «коронадағдарыс» алдындағы уақытпен салыстырғанда зейнетке шыққан дәрігерлердің саны 57,9 пайызға өсті. Құрылыс (2,2 мың) және өнеркәсіп (2,3 мың) сияқты қиын салаларда 65 жастан кейін де жұмыс істеп жатқан азаматтар көп.