Елімізде асырап алушы ата аналардың 52 мектебі табысты жұмыс жасауда

0
203

Асырап алушы ата-аналар мектептеріндегі жаттығуларға қатысу тегін және ол тренинг форматында өткізіледі.


Елімізде асырап алушы ата аналардың 52 мектебі табысты жұмыс жасауда

ERNUR.KZ. Бүгінде еліміздің 20 өңірінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында 52 асырап алушы ата-аналар мектебі табысты жұмыс атқаруда. Олар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеуге қатысқысы келетін азаматтарды психологиялық даярлауда шешуші рөл атқарады, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.

Асырап алушы ата-аналар мектептеріндегі жаттығуларға қатысу тегін және ол тренинг форматында өткізіледі. Бағдарлама бала тәрбиесінің психологиялық, әлеуметтік аспектілеріндегі тақырыптарды қамтиды. Оқу ұзақтығы 42-ден 60 академиялық сағатқа дейін, оның соңында қатысушылар сертификат алады. Бұл сертификат олардың бала асырап алуға әлеуетті екенін білдіреді.

«Ата-аналарды дайындау — бұл балаларды табысты тәрбиелеудің негізі ғана емес, сонымен қатар олардың болашақтағы әл-ауқаты мен үйлесімді дамуының кепілі. Балалардың тәрбиесі мен эмоционалдық дамуын терең түсінуге бағытталған мектебіміздің арқасында біз үміткерлердің балаларды асырап алуға дайын немесе дайын еместігін анықтай аламыз», - деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

Дайындықтан өтуге ниет білдірген үміткерлер жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың біріне еркін нысанда жазбаша өтінішпен жүгіне алады.