Елімізде ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқыны 8% дейін артады

0
86

Қаржыландыру көлемінің артуы машина-трактор паркін жеделдетіп жаңартуға зор ықпал етуде.


Елімізде ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқыны 8% дейін артады

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің заманауи техникаға қолжетімділігін арттыру бағытында нақты шаралар қабылданып жатыр. Осы ретте мемлекеттік қолдаудың негізгі тетіктерінің бірі – жеңілдікті лизинг. Биыл бағдарламаға бөлінетін қаржы көлемі былтырғы 250 млрд теңгеден 350 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Қаржыландыру көлемінің артуы машина-трактор паркін жеделдетіп жаңартуға зор ықпал етуде. Мәселен, 2024 жылы жаңару деңгейі 6%, ал 2025 жылы 6,5% болса, 2026 жылдың соңында бұл көрсеткіш 8%-ға дейін өседі деп күтілуде.

Оған ағымдағы көрсеткіштер нақты дәлел деуге болады. 2026 жылғы тамыздағы жағдай бойынша жалпы сомасы 296,9 млрд теңгені құрайтын 7 362 өтінім қабылданып, 265 млрд теңгеге 6 974 қаржылық лизинг шарты жасалды.

Нәтижесінде аграршыларға тракторлар, астық жинайтын комбайндар, жемшөп дайындайтын техника және аспалы жабдықтарды қоса алғанда, 7 925 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы берілмек.

Инвестициялық субсидиялау және жеңілдікті лизинг бағдарламалары аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер Қазақстанда құрастырылатын CLAAS және John Deere компанияларының заманауи әрі жоғары өнімді техникасына қолжеткізді.

Техниканы жаңарту ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігіне тікелей әсер етеді. Заманауи машина-трактор паркі шаруашылықтарға егіс және жиын-терім жұмыстарын уақытылы жүргізуге, тиісті мерзімдерді сақтауға, еңбек өнімділігін арттыруға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығынын азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар техникалық қайта жарақтандыру өндірістік ресурстарды тиімді пайдалануға ықпал етеді. Бұл қазіргі аграрлық сектордың өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігіне деген талап үрдісінде ерекше маңызға ие.

Осылайша, жеңілдікті қаржыландыру көлемін ұлғайту тек жаңа техникалар санын арттыру ғана емес, ауыл шаруашылығының заманауи материалдық-техникалық базасын қалыптастыруға да бағытталған. Жеңілдікті лизинг бағдарламасын кеңейту машина-трактор паркінің жаңару қарқынын одан әрі жеделдетуге және отандық агроөнеркәсіптік кешеннің өндірістік әлеуетін нығайтуға кең жол ашады.