Елімізде балаларды қорлаған мұғалімдерге 200 мың теңгеге жуық айыппұл салынады

0
514

Шенеунік мұндай жағдайда мұғалімдерге 50 АЕК (184 600 теңге) көлемінде айыппұл салынатынын айтты.


Елімізде балаларды қорлаған мұғалімдерге 200 мың теңгеге жуық айыппұл салынады

ERNUR.KZ. Қазақстанда оқушыларды қорлаған мұғалімдер жауапқа тартылатын болады, деп жазады ulysmedia.kz.

Бұл туралы баспасөз мәслихатында Оқу-ағарту вице-министрі Оспан Еділ мәлімдеді. Білім беру ұйымдарындағы бұзақылық туралы айтқан одан егер агрессия мұғалімнен шықса, қандай шаралар қолданылатыны сұралды.

Шенеунік мұндай жағдайда мұғалімдерге 50 АЕК (184 600 теңге) көлемінде айыппұл салынатынын айтты.

Елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, онда әрбір ұстаздың міндеті мен жауапкершілігі нақты айқындалған. Педагогикалық әдеп нормаларын білу – олардың кәсіби шеберлігін, сондай-ақ еңбек тәртібін бағалау критерийлерінің бірі. Мұғалім әдебін бұзу тәртіптік әрекет болып табылады, ол үшін тәртіптік жауапкершілік көзделген.Әкімшілік кодексте мұндай жауапкершілік қарастырылған. Мұғалімнің оқушыларға психологиялық немесе физикалық зиян келтіргені расталса, ол үшін 50 АЕК көлемінде айыппұл салынады, – деді ол.

Спикер министрлікке мұғалімдерге қатысты мұндай шағымдардың жиі түсетінін айтты.

Әрбір өтінішті білім сапасы жөніндегі комиссия мұқият қарайды. Әрбір жағдайда қызметтік тексеріс жүргізіліп, шаралар қабылданады. Қазір мұғалімдер конкурстық негізде жұмысқа қабылданады, онда комиссия нақты үміткерге мұғалім этикасын білетін не білмейтіні туралы сұрақ қояды, - деп қосты вице-министр.

Естеріңізге сала кетейік, Республикалық педагогтер съезінің ашылуында сөйлеген сөзінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел мектептеріндегі оқушылардың қауіпсіздігі мәселесіне айрықша тоқталған болатын.