Олардың арасында жеңіл автомобиль, автобус, жүк көлігі, арнайы техника, тіркемелер бар.
ERNUR.KZ. Биыл үш айда Қазақстанда ресми дилерлер 22 мыңға жуық техника өткізді, деп жазады inform.kz.
Бұл туралы автокөлік нарығының сарапшысы, Автонарықты мониторингілеу орталығының директоры Артур Мискарян мәлімдеді.
Оның айтуынша, жылдың басында бизнеске қатысты болған қиындықтарға қарамастан, қазақстандықтар арасында жаңа көлікке деген сұраныс сақталып отыр. Бірінші тоқсанда нарыққа бірнеше фактор ықпал етті. Жылдың басындағы төтенше жағдай режимі және ел бойынша бас кеңселер мен автокөлік орталықтары арасындағы байланыс іркілістері көлік нарығына тиісті деңгейде әсерін тигізді.
Сол кезеңде көптеген автосалондар жабық болды. Мұнымен қоса, әлемдегі саяси ахуалдың да бұл саладағы саудаға теріс әсері бар. Ресей аумағына техника мен бөлшектерді жеткізу тоқтатылып, Қазақстандағы өндірістер мен импорттаушылар көптеген автокөлік моделіне қатысты жеткізу тізбегін қайта құруға мәжбүр болды.
Айта кетсек, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Қазақстан машина жасаушылар одағы басқармасының төрағасы Мейрам Пішембаевпен кездесуінен мәлім болғанындай, Қазақстанда 2021 жылы автомобиль өндірісі 24% өскен.


