Елімізде қарттардың смартфонға тәуелділігі артып кеткен

0
738

Сондай-ақ әлеуметтік желілерде өздерін блогер апа деп атап, парақша ашып, күнделікті тірлігін салатын қарттарымыз да жетерлік.


Елімізде қарттардың смартфонға тәуелділігі артып кеткен

ERNUR.KZ. Бүгінгі заманда немерелеріне ертегі айтып отырған қариялардан гөрі смартфонға телмірген қарттарды жиі көретін болдық. Тіпті әлеуметтік желіде түрлі видео түсіріп, блогер болып жүрген ата-апаларымыз көбейген, деп жазады Stan.kz.

Талдықорғандық Мансура Ахматова бір айдан соң бұйыртса 70 жасқа толады.

Қарт ананың қызы Ресейде тұрады. Балаларының жүзін күнде көру үшін ұялы телефонның барлық қыр-сырын меңгергенін айтады. Тіпті смартфон арқылы Instagram, WhatsАpp, TikTok, Youtube әлеуметтік желілерінен түрлі роликтерді көріп, күні бойына ермек етеді.

“Кім қайда ауырып жатыр, кім өліп жатыр, кім туып жатыр, кім үйленіп жатыр. Бәрін білемін соткадан, жаңалықтың бәрін білеміз балам”, – дейді талдықорғандық зейнеткер Мансура Ахматова.

Сондай-ақ әлеуметтік желілерде өздерін блогер апа деп атап, парақша ашып, күнделікті тірлігін салатын қарттарымыз да жетерлік. Тіпті трендтен қалмай билеп, көңілдерін көтеріп жататындар да көп.

Психолог Мөлдір Болатқызы ұялы телефонда көп отыратындар ұмытшақтық ауруына шалдығуы мүмкін дейді. Себебі берілетін ақпарат тым көп болғандықтан адамның есте сақтау қабілеті де баяу жұмыс істей бастайды.

“Айналамен қарым-қатынасқа түсу барысы тек ғана интернет желісі арқылы болғандықтан, әрине, психикаға кері әсер етеді. Ондай адамдар ашушаң болады, тіпті ол үлкен адам болса да, ол шизоидтық немесе бір агрессивный сондай типке айналып кетуі мүмкін. Өйткені бұл біздің ДНҚ-мызға, гармонға әсер етеді. Яғни адреналин бөлінген сайын гармонға әсер еткендіктен ол адамның күйі өзгереді, жағдайы өзгереді. Қазір күліп отырған апамыз, қазір жылап отыруы мүмкін”, – дейді маман.

Психолог ұялы телефонда күніне 2 сағаттан артық қолданбауға, тек байланыс құралы ретінде қарауға кеңес береді.